"Аққулар ұйықтағанда" поэмасынан қойылым

Биыл Алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туылғанына 85 жыл толды. Қаламгердің құрметіне орай оқырмандары оның есімі мен еңбегін еске алып жатыр. Өңірімізде мұзбалақ ақынның мазмұнды мәңгілік жырларын насихаттау үшін жаңа жоба қолға алынды.

"Аққулар ұйықтағанда" поэмасынан қойылым
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы қойылымынан үзінді

Аядай ғана бөлмеде өрбіген кештің бұл жолғы жөні бөлек. Әдебиет сүйер қауым ақиық ақынның 85 жылдығын айрықша атап өту үшін жиналған. Еске алу кешінде алдымен аға буын ортаға шығып, қаламгердің уақыт шеңберімен шектелмейтін шығармашылығындағы шың туралы ой толғады. Ал жастолқын мұзбалақ ақын Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқыды.

9

Қаламгердің осыдан 43 жыл бұрын жазылған жыры да қайта жаңғырды жиында. Халықтың наным-сенімін санаға сіңіруді көздеген «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын бұл жолы шәкірттер сомдауға тырысты.

Ақсұңқар Сайдолла
Ақсұңқар Сайдолла

Ақсұңқар Сайдолла, №58 мектептің оқушысы: «Мұқағали атамыздың өлеңдерін оқығанда ерекше күйге бөленеміз. Ақын өмірдегі бар тақырыпты қамтыған, көңіліңді дөп басады. Құлазыған кезде оқып, бірге жылайсың, қуанған кезде оны оқып, шаттанысың, ақынның өзімен сырласасың. Мұндай күй сыйлайтын ақындар кемде-кем.»

Көзі тірісінде-ақ Мұқағали жырларының жұртшылық жүрегінде мәңгі жасауын арман еткен. 11 жасында әкесі Калининград майданында қаза тауып, бала Мұқағали әжесі Тиынның тәрбиесінде болды.

Ақынның алғашқы өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала – Әкітай” аудандық “Советтік шекара” газетінде жарық көрді. Дегенмен, заманында құрметке бөленіп, бағасына жетпеген оның жай-күйіне қаламдастары мен үзеңгілестері ғана үңіле алды.

Қоғам қысымына қарамай, шындықты шырмаусыз жеткізген ақынның жыр жолдары – бүгінгі Қазақ әдебиетінің қайталанбайтын қазынасы. Ақиық ақынның жырларындағы жағдайлар қазіргі қоғамда да белең алған. Соңғы уақытта қаламгердің туындыларын оқып жүрген жастардың қарасы қалыңдап жатыр. Мұны кітапханашылар да байқаған.

Айгерім Алдабергенова, облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім басшысы: «Ақынның кітаптарына деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан, жетіспеушілік туындағанын жасырмаймын. Енді жаңа кітаптармен толықтық, сондай-ақ, жұмысбасты жастар «Кітапхана кеші» акциясы аясында жұмыстан соң мұнда бас сұғып, Мұқағалидың еңбектерін оқуға мүмкіндігі бар».

ақынның шығармашылығынан кітап көрмесі
ақынның шығармашылығынан кітап көрмесі

Тірісінде бір той жасауды арман еткен ақиын ақынның 85 жылдығы биыл ел аумағында оның туған күні – ақпанның 9-жұлдызында кең көлемде аталып өтілмек. Айта өтейік, 1985 жылы Қазақстан жазушылары одағының бастамасымен тұңғыш рет М. Мақатаевың есімімен сыйлық тапсыру дәстүрге айналды. Одан соң араға 23 жыл салып поэзия падишахының атымен жаңа сыйлық тағайындалған.