Елеуовтар отбасы қайырымды жандардың көмегімен үй сатып алмақ

447
Көмекке мұқтаж отбасы

Көмекке мұқтаж Елеуовтар отбасы баспана іздестіруде. Отбасындағы бес баланың үшеуі туылғанынан сал ауруына шалдыққан жанұяға алматылық азаматша отбасына үй сатып алуға қаражат беремін деп уәде еткен. Қазір Малика мен Алиханның туыстары пәтер немесе үй іздестіруде.

Бұл отбасының балалар күнде келетін қонаққа үйреніп те қалыпты. Әу баста жатырқай қарайтын олар қазір үйлеріне келген жандардың тәттісінен бас тартпайды.

Көмекке мұқтаж отбасы

Балалардың бірі Тәңірбергеннің арманы — ғарышкер болу. Ол мұғалімнің берген тапсырмасын бірден орындап, сурет салғанды жақсы көреді. Бірақ, түрлі-түсті қарындаштарының жоғы бала арманына қаяу түсірген. Бауырларының ойыншығы жоғы да оның жас жүрегіне батады. Күні бойы теледидар алдына телмірген балалар асыр салып ойнай да алмайды. Жалдамалы пәтер қанаттарын қаққан. Осыны ескерген жомарт жандардың бірі баспана алып беруге уәде беріп отыр.

Көмекке мұқтаж отбасы

Қуанышты хабарды ести сала Малика баспана іздеп жүр. Қасына әпкесін ерткен ол Жалын тұрғын алабындағы жекеменшік үйді көрді. Баспана барынша үлкен болғанымен, коммуналдық жүйе тартылмаған. Барға қанағат тұтқан бес балалы жан барлық олқылықты жөндеп алуға бел байлады. Күрделіктер де жоқ емес. Баспананың құжаттары халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімделуде.

Шынар Оразова