15 ақпан — Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен әкетілгеніне 27 жыл. Осыған орай өңірде ауған соғысының ардагерлерін еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шымкенттегі Абай саябағында «Ерлікке тағзым» онкүндігі бастауын алып, оған облыстық әкімдік иен мәслихат өкілдері, ауған соғысының ардагерлері, қала тұрғындары мен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен болған шарада жиналғандар ауған соғысында құрбан болған сарбаздарды үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Еске салсақ, 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылған соғыс жүргізді. Күрестің басты мақсаты – Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. Осылайша 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін, 2238 күнге жалғасқан қанды соғыс көптеген отандасымыздың өмірін қиды.
Бұл күнді қалалық әскери бөлім қызметкерлері де ұмыт қалдырмайды. Шенділер ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Басқосуда сарбаздар жат елде қаза болған қаруластарын еске алып, оларға арнап гүл шоқтарын қойды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болғандардың қатарында мыңдаған жас боздақ болатын. Іс-шарада ауған жеріндегі қырғи-қабақ соғысты өз көзімен көргендер опат болған жауынгерлердің есімдерін қастерлеуге шақырып, әрбір жасты өз елінің патриоты болуға шақырды.
Ал осы кезде «ПетроҚазақстан Ойл» мұнай өңдеу зауыты да ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті. Ұжым еңбеккерлер арасындағы ардагерлер мен өзге де жауға қарсы күрескен жауынгерлерді шақырып, ақ дастархан жайды. Ардагерлердің ерен еңбектерін ерекше атап өтті.
Майдан шебінде шейіт болған қаруластарының есімін еске алуды да ұмыт қалдырмады. Осылайша ауған жеріндегі 9 жылға созылған майданда қасық қаны қалғанша күрескен қандастарымызға алғысын жаудырған зауыт басшылығы оларға қаржылай сый-тарту табыс етті.