Жыл басынан бері 3500 қаңғыбас ит-мысық ауланған

593
Ит аулау

Шымкентте жыл басынан бері 3500- ге жуық қаңғыбас ит пен мысық ауланған. Бұл жұмыстарды атқару үшін қала бюджетінен 38 млн теңге бөлініпті.

Ит аулауҚаңғыбас иттерден зәбір көрген қалалықтардан арнайы бригадаға 239 өтініш түскен. Қазір қалада арнайы құралдармен жабдықталған 6 топ бар.

Ауланған жануарлар қала сыртындағы беккари шұқырында залалсыздандырылған. Сала мамандары қаламызда құтыру ауруынан қауіп жоқ деп сендіреді. Дегенмен көше кезген ит-мысықтардан сақтанған жөн.

Қазір күнгейлік санитар мамандар құтыру ауруының өршіп тұрғанын айтып дабыл қағып отыр. Ал ветеринар мамандар қалада қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені айтып, көше кезген ит-мысықтан сақ болуға шақырады.

Қаңғыбас ит пен мысық аулайтын бригадаға 1 айда 80-ге жуық тапсырыс түседі. Таңсәріден 6 топтың қызметкерлері көпшіліктің сұранысымен көше кезген ит-мысықтарды аулайды. Десе де қаңғыбас иттердың қарасы азаймай отыр. Әсіресе, қала орталығындағы көп қабатты үйлердің жертөлесін мекендейтін иесіз жануарлар көбейіп кеткен. Тіпті тұрғындарға сес көрсететіндері де бар екен.

Ал көктемде иттер күшіктеп, көбейе түседі. Мұны мамандар жақсы біледі. Жыл сайын көше кезген ит-мысықтарды аулау дәл осы жазғытұрым уақытта қыза түсетінін айтады. Биыл да бұл маусымға дайын отырған ветеринария бөлімінің мамандары қаруларын сайлап қойыпты. Дәрімен атылатын 8 мылтықпен жабдықталған бригада кез келген уақытта тұрғындардың тапсырысын орындауға дайын.

Десе де жануарлардан жұғатын құтыру ауруынан сақ болған жөн. Жуырда ғана күнгейлік екі азамат осы кеселден көз жұмды. Сондықтан қараусыз жүрген жануарлар жайлы дер кезінде хабар беріп, ветеринария бөлмінің мамандарын шықыртыңыз. Ол үшін өзіңіз тұратын аудан әкімшілігі не ветеринариялық қызмет мекемесіне хабарлассаңыз болғаны.

Нұрлан Жаңабай