Шымкентте көп қабатты үйлерді жаңарту бағдарламасына қаржы тапшы. Бұған дейінгі 5 жылда шаһардағы 107 баспана жаңарып, олардың тұрғындары бір қуанып қалған болатын. Алайда биыл жыл басынан бері республикалық бюджеттен бұл мақсатқа көк тиын да бөлінбепті.
Гагарин көшесіндегі №108 үй тұрғындарының тынышы кетті. 80 жылдық тарихы бар ескі баспананы жаңарту үшін екі жылдан бері құжаттарын заңдастырған жұрт қаржыны әлі күнге күтумен жүр. 2015 жылы жергілікті билік үйлеріңіз жөнделеді деп көпшілікті қуантып қойған екен. Алайда арада бір жыл өтсе де тұрғындар жаңартудың шарапатын көре алмай келеді.
Шымкент қаласы бойынша өткен жылы бар болғаны 35 үй жөнделген. Оған бюджеттен 250 млн теңге бөлініпті. Бірақ 2015 жылдың екінші жартысына қаралған қаржы бөлінбей, құжаттары толық дайын 17 үй жаңартудан шет қалған. Ал қазіргі тізімде кезек күткен баспаналар саны бақандай 108-ге жеткен.
Жалпы биыл Шымкент қаласы бойынша 66 үйді жаңарту бағдарламасынан өткізу жоспары қойылған. Бірақ, құжаттары дайын 17 үйге қаражат табылмай жатқанда өзгелері туралы сөз айту артық дейді әкімдік қызметкерлері.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Біздің міндетіміз — бағдарламаға кіретін үйлерді анықтап, тұрғындармен жұмыс жүргізу, солардың келісімін алу. Жаңарту бағдарламасынан өтуге келісімін берген үй жетерлік, бірақ, қаражат мәселесі қиын.»
Бүгінге дейін шаһарда жөндеуді қажет ететін 900 көп қабатты тұрғын үй бар екен. Оған да қомақты қаржы керегі сөзсіз. Алайда бағдарламаны қаржыландырудың өзі тығырыққа тірелгені байқалып тұр.
Нұрлан Жаңабай