Жылу борышкерлері сот алдында жауап беруі мүмкін

259
Жылу борышкерлері сот алдында жауап беруі мүмкін

Жылу берушілер ескертеді – тұтынған жылуға төлемді мерзімінде жасамаған тұрғындардың ісі сотқа жіберіледі. Дегенмен, шымкенттіктердің біразы орталықтандырылған жүйеден бас тартып, дербес қазандық құруға бет бұрған. Былтырдан бері жылу беру маусымына жауапты болған «Қуатжылуорталық-3» орталығының мамандары осылай деп отыр. Бүгінгі есеп бойынша тұтынушылардың саны 18 мыңға азайып отыр.

Жылу борышкерлері сот алдында жауап беруі мүмкін

Николай Каптилов тұтынған жылуға төлем жасауға келіпті. Желтоқсан айына жеке кәсіпкер ретінде тіркелген заңды тұлға кеңсесін жылытқаны үшін 16 мың 773 теңге төлеуі тиіс болатын. Алайда, ескертпе қағазында көрсетілген сома тағы мың теңгеге артық.

Николай Каптилов, жеке кәсіпкер: «Түбіртек келісімен төлеймін. Бұл жолы түбіртек келмеді. Наурыз айында ескертпе қағазын алып келіпті. Не үшін артық төлеуім керек? Бұрын түбіртекті көшірмесіне қол қойып алатын едік. Менің мұнда кінәм жоқ.»

Дегенмен, бұл мәселе тез шешіле қойды. Өйткені мұндағы қызметкерлер түсіру тобының сол маңайда жүргенін байқаған. Артық төлеген сомасы келесі айға жатыстырылыпты.

Бүгінде заңды тұлғалардың 93,4 пайызы есеп айырысқан. Көп қабатты үйлердегі 64 036 тұтынушының 78 пайызы жылудың ақысын өтепті. Жылу беру маусымынан 2 млрд 48 млн теңге түсуі тиіс.

Қуаныш Искаков, «Қуат Жылуорталық-3» МКК директорының орынбасары: «Мамыр айына дейін есеп айырыспағандардың ісі сотқа жіберіледі.»

Орталықтандырылған жылу жүйесіне 221 бюджеттік мекеме, 845 коммерциялық нысан қосылған. Олардың барлығы 25 наурызға дейін тұтынған жылу үшін төлем жасауы керек. Қызу кезеңде тәулік бойы еңбек еткен диспетчерлік қызметтің мамандары биыл тұтынушылардан түскен талап-арыздар едәуір азайған деп отыр.

Бұған дейін жылудың мардымсыздығынан жұртшылық ығыр болса керек, әйтеуір, 18 мың тұтынушы орталықтандырылған жылу жүйесінен ажыратылған. Олар бүгінде дербес қондырғысын орнатып алыпты. Тұтынған жылуы үшін жылдар бойы есеп айырыспағандардың да қатары қалың. Енді олардың қарызы сот арқылы өндіріледі.

Осы тұста айта кету керек, шымкенттік тұтынушылардың №3 энерго орталығы алдындағы берешегі 534 млн теңгеден астам. Ал бюджеттік мекемелердің тұтынған жылу үшін жиналған қарызы 65 млн теңгені құрап отыр.

Естеріңізге салсақ, газ беру мекемесіне №3 энерго орталығының 2 млрд теңгеден астам қарызы бар. Қазір осы берешекті өтеу бойынша энергоорталық мамандары тұтынушылардың құжаттарын сотқа өткізуде. Мәжбүрлеп өндіруден басқа амал қалмады, дейді жылу берушілер.

Шынар Оразова