1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысында «Достық сыйы» акциясы өтпек. Облыс әкімі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде жиналған өңіріміздің этно-мәдени бірлестіктерінің төрағалары осындай идеяға келді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекені жоғары деңгейде атап өту жайын ортаға салған отырысты Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов ашып, жүргізіп отырды.
Нақтырақ айтсақ, акция кезінде түрлі этнос өкілдері бір-біріне сый-сияпат жасап, өзара достықтың нығаюына атсалысатын болады. Әлеуметтік желілерде арнайы хештег арқылы жан-жақты насихатталатын бұл бастама бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетілмек.
Сонымен қатар мейрам қарсаңында Астана қаласында өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті ХХIV сессиясына Оңтүстік Қазақстан облысы делегециясының қатысу мәселелері де пысықталды.