Бәйдібек ауданы мен Түркістан қаласының ішкі істер қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс аумағында есек ұрлығын кәсіп еткен қылмысты топ ұсталды. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, топ 1967, 1993 және 1992 жылдары туған Қызылорда облысының 5 тұрғынынан құралған.
Күдіктілердің мал иелеріне келтірген шығын көлемі 500 мың теңгеден асып кеткен. Қазіргі таңда ұсталғандардың 10 мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды.
Қылмысты топ өз әрекеттерін бір сызбамен іске асырып келген. Түн ішінде жергілікті тұрғындардың ауласына кіріп, есектерді өздерінің автокөліктеріне тиеп, оқиға орнынан бой тасап отырған. Содан кейін есектерді егіс алқаптарына апарып, сойып, терісін алып Шымкент қаласындағы түрлі сауда нүктелеріне өткізіп келген.
Бір мысал, 26 наурыз түні күдіктілер Түркістан қаласының үш бірдей тұрғынының үйінен 5 есекті ұрлап, жалпы 150 мың теңге шығын келтірген. Аталған жайттар бойынша қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі таңда полицейлер күдіктілердің Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысын анықтауда.