15 сәуірден бастап шаһардағы Теріскей, Сайрам және Шығыс шағынаудандарындағы 224 көп қабатты үйге ыстық су беру тоқтатылады. Бұл жайында қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәлімдеді.
Өйткені шаһарда жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары басталады. Айтуларынша бірінші кезекте бұл іс солтүстік бөлікте қолға алынады. Қаланың меншігіне өткен ұзындығы 6,5 шақырым құбыр алмастырылмақ. Соның нәтижесінде жылудың сапасы жақсарады деген болжам бар.
Бұдан бөлек Нұрсәт шағынауданындағы 40 көп қабатты үйдің тұрғынары да ыстық сусыз қалуы мүмкін. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа қазандықтың қуаты 160 гегаколорияны құрайды. Бұл бір млн шаршы метр пәтерлер жылытылады деген сөз. Ал ондағы баспаналардың көлемі тым аз.
Германиялық қазандықтың қуатын төмендету мүмкін емес дейді мамандар. Сол себепті жергілікті билік өкілдері тұрғындардың бұл жағдайға түсіністікпен қарауын сұранып отыр.