Күнгейде «Мұражай түні» акциясы өтті

604

18 мамыр – халықаралық мұражай күні. Айтулы мереке осыдан 39 жыл бұрын бастау алған. Бүгінде мәдени мерекені тойлауда еліміздің оқырмандары да қалыс қалмайды, ашық есік шарасы мен «Мұражай түнін» өткізеді. Дәстүр биыл да күнгейде жалғасын тапты.

10

Күнгейдегі бас мұражайға, ондағы тарихи дүниелерді көріп танысуға асыққандардың қарасы қалың. Мәдени мекеменің мамандары да тосылған жоқ, әр келушіні мерекелік көңіл-күймен қарсы алып, мұндағы 96 жылдық тарихты бойына бұққан жәдігерлер жөнінде толығырақ айтып берді.

Мереке Марат,  №15 мектептің оқушысы: «Мұражайға жиі келемін. Көптеген тарихи заттарды, экспонаттарды көрдім. Қажымұқан палуанның киіз үйі мен кереуетін, ыдыс-аяқтарын көрдім.»

Ашық есік күнінде тұрғындар мұражайға тегін кіру мүмкіндігіне ие болды. Жәдігерлердің тарихымен толық танысып, танымдық сайыстарға да қатысты.

Археологиялық және жаңа дәуір көрмесін қоспағанда құмғандар жиынтығы да көпшілік назарына ұсынылды. Бас мұражайда өткен ғасырдың сырын сақтаған мыс жәдігердің саны санаулы – 37 дана. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық заттар сол құнды қалпын сақтауы үшін арнайы күтім қажет.

Рәзия Шекербекова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері: «Күн сайын болмаса да аптасына бір-екі рет құмғандарды арнайы жуамыз. Сосын жалтырап шыға келеді. Сол қалпын жоғалтпауы үшін 19 градус ауа қысымында сақтаймыз.»

Бүгінде ел аумағында 231 музей бар. Оның 24-і күнгейге тиесілі. Жылына 10 мыңға жуық адамды қабылдап, тарихи көне жәдігерлерді таныстыруға қауқарлы мәдени ошақтарда қазір 95 мыңнан астам дүние сақтауда.

Гүлмира Лазар, облыстық тарихи-өлкетау мұражайының бөлім басшысы: «Құнды заттар көбіне археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылады. Сондай-ақ, ауыл-аймақтарды аралап жүріп табамыз. Жылына кемінде 4000 жәдігермен толығып келеміз.»

Өңірімізде мұражай мерекесі мұнымен шектелмек емес, мейрамның мерейін үстем ету мақсатында тұрғындар арасында тарихи жәдігерлер дәріптеу үшін түнгі сағат 12:00-ге дейін «Мұражай түні» акциясы өтті.