Шымкенттегі Оңтүстік шағынауданындағы кәріз желісі қосылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәлімдеді.
Еске сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын осындағы кәріз коллекторы жарылып, тұрғындарды әбігерге салған болатын. Ал бүгінде ондағы апатты жағдай толық қалпына келтірілді. Енді құбыр үстіне орналасқан барлық үйлер бұзылмайтын болып шешілді.
Қала әкімдігі тарапынан құрылған жедел комиссияның жұмыс жүргізуінің нәтижесінде биыл жоспарланған 5-6 шақырымдық кәріз коллектор жүйесін жаңарту жұмысының осы аудандағы бір шақырымдық бөлігі жаңа жүйемен іске қосылды.
Қазіргі таңда барлық бөліктер түгелдей іске қосылып, сарқынды сулар тоқтаусыз ағуда. Айта кету керек, қала ішіндіг кәріз жүйесі «Оңтүстік» шағын ауданы аумағындағы 17 үйден өтеді. Оның ішінде кәріз құбырлары 6 үйдің астынан, 7 үйден 2, 3 және 4 метр жерде орналасқан. Ал қалған 5 үйдің қоршауы және қосалқы құрылыстары құбыр үстіне салынған.