ОҚО полицейі халықаралық жарыстың жүлдегері атанды

295

Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкері бокстан халықаралық жарыстың қола жүлдегері атанды. 2016 жылдың 20 сәуірі мен 6 мамыры аралығында Атырау қаласында ерлер арасында Исатай Тайманұлы пен Махамбет Өтемісұлын еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі өтті.

Сол сайыста ОҚО ішкі істер департаментінің «СОБР» арнайы жасағының инспекторы, полиция аға сержанты Нұрлан Нұрсейтов үшінші орынды еиеленіп, қола жүлдегер атанды. Бұл жарысқа жақын және алыс шетелдерден келген 11 мемлекеттің спортшы-боксшылары қатысқан. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Белорусь, Әзербайжан, Сирия, Украина, Иран және Моңғолия мемлекеттері бәсекелесті.

Нұрлан Нұрсейтов 91 келі салмақта өнер көрсетті. Жарыс барысында алғашында Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан боксшыларымен кездесіп, жартылай финалға жолдама алған Нұрлан жартылай финалда тағы бір Өзбекстан спортшысымен кездесті. Осы кездесуде жолы болмаған жерлесіміз жүлделі 3-орынды иеленді.

Жарыс ұйымдастырушылары жеңімпаздарды кубок, медаль, грамота және бағалы сыйлықтармен марапаттады.