Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында заманауи үлгіде салынған 4 спот алаңшасы ел игілігіне тапсырылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жеке кәсіпкердің есебінен ашылған бұл спорт алаңшалардың екеуі ашық, ал екеуі жабық спорт алаңдары. Жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізуіне және бұқаралық спорттың дамуына мүмкіндік жасалғанын айтқан төлебиліктер игі бастаманы қолға алған кәсіпкерге алғыстарын білдірді.
Бүгінде Төле биде спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 26 500-ге жетіп, тұрғындардың 22,5 пайызын құрап отыр. Ал ауданда жалпы 324 спорт нысаны қарқынды жұмыс жасаса, жыл соңына дейін тағы да қосымша 9 заманауи үлгідегі спорт алаңшасы іске қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік, аудан спортшылары 2015 жылы түрлі деңгейдегі жарыстарда 114 алтын медальға ие болса, биылдың 4 айында 128 медальға қол жеткізді.