Оңтүстікте күннің күрт ысуынан қарақұрттың белсенділігі артып кетті. Бір айдың ішінде улы жәндік шаққан 11 адам ауруханаға барып, көмек алған.
Дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болған науқастардың екеуі — балалар. Мамандардың айтуынша, қарақұрт көбінесе ауыл адамдары мен қала маңында тұратындарды шағады.
Улы өрмекшіден жапа шеккендердің бірі — Диана Әшімбекова. Дәрігерлер оның өміріне қазір тікелей төніп тұрған қауіп жоқ дейді. Алайда, қарақұрт шаққан кезде оны ауруханаға тез арада жеткізбегенде, жағдайы мүшкіл болуы мүмкін еді. Өрмекші Диананы далада түнде ұйықтап жатқанда шаққан.
Ал 43 жастағы Бауыржан Бектұрсыновты қарақұрт бір емес, екі рет шағыпты. Ер кісі құрылыста жүргенін айтады. Үй салып жүріп, сәске кезінде көз іліндіруге жатқан. Содан оянып кетсе, денесінің екі жері ісіп тұрғанын көреді. Дәрігерлер Бауыржанның өмірі үшін тәулік бойы күресіп, енді, міне, жансақтау бөлімінен палатаға шығарды.
Дәрігерлер кәдімгі өрмекшіден бірден ажырата алмайтын қарақұрттың уы өте қауіпті екенін айтады. Әсіресе, күн ысығанда бұл жәндік құтырып кетеді. Сол үшін егер қарақұрт шаға қалса, неғүрлым ертерек дәрігерге қаралған дұрыс.
Есте сақтайтын жайт, қарақұрт шаққан жағдайда тек 6%-да ғана адам бірден жан тапсыруы мүмкін. Сондықтан, дер кезінде дәрігерден көмек алса, емделіп шығуға болады. Айта кету керек, қарақұрт адамға өздігінен шабуыл жасамайды. Дегенмен, оны шөп арасынан бірден байқау қиын.