Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен 2015-2016 оқу жылындағы ерекше үлгідегі «Алтын белгі» иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Өңір басшысы облыстағы мектеп-интернаттарды тәмәмдаған 116 түлекке «Алтын белгі» белгісін тапсырып, ҰБТ-да 125 балл жинаған 6 оқушыға қаржылай сертификат табыстады.
— Бұл қуаныш – 11 жылғы үздіксіз еңбектің жеңісі. Тәжірибелі ұстаздардың еңбегі және ата-аналардың ақ тілегі, — дейді Бейбіт Бәкірұлы. — Сіздердің биылғы жеңістеріңіз тәуелсіздіктің 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Сол тәуелсіздігіміздің тірегі, егемен елдің ертеңі ретінде сіздерге болашақта мәңгілік елдің бір кірпіші болып қалануларыңызға шын жүректен тілектеспін!
Өз кезегінде бітіруші түлектер аға буын өкілдеріне алғысын жеткізіп, өз замандастарына ақ жол тіледі. Салтанатты кездесу барысы мерекелік концертке ұласып, мектеп түлектері вальс биледі.
Айта кету керек, республика бойынша 2534 «Алтын белгі» иегері болса, соның 581-і — ОҚО түлегі. Яғни, елімізден шыққан әрбір 4-ші «Алтын белгі» иесі біздің облысқа тиесілі болып отыр. Сонымен бірге ҰБТ кезінде республикада 125 балл жинаған 19 түлектің алтауы, яғни, әрбір үшіншісі — Оңтүстіктен.
Ерекше ескеретін жайт, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде Мақтаарал ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның «Алтын белгі» белгісіне үміткер 57 оқушының қырқы немесе 70,1% өз білімін растап, облыста жоғары көрсеткішке жетіп отыр.