Шымкент әкімі заңсыз салынған баспаналарды бұзбайтын болды

396

Көгілдір отыны мен суы, жарығы тартылып, көшені асфальттап, учаскелік жер беру – қала әкімінің арманы. Алайда, оның орындалуына мүмкіндік жоқ. Алдымен үй салуға арналған жер жоқтың қасы болса, екіншіден инфрақұрылым тарту қиынға соғып тұр. Қалалық қоғамдық кеңеске қатысып, жер қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмысты саралағандар министрлікке ұсыныс-хат жазбақ ниетте.

Қоғамдық кеңеске жиналғандар алдымен жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовтың баяндамасын тыңдады. Сала жетекшісі тұрғын үй салу үшін жер сұраған шымкенттіктердің саны күрт өскенін жеткізді. Бірақ, жуық арада сегіз соттық жердің ешкімге бұйырмайтынын баса айтты.

Қасымбек Сайлауов, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы: «Бізде кезекте 65 мың адам тұрған. Соңғы екі аптада оның саны 85 мыңға ұлғайды. Бейресми мәліметтерге сүйенген қала тұрғындары жер кезегіне тұру үшін жаппай өтініш берді. Олардың біреуі де арнайы мораторийге көңіл бөлмеді».

Осы тұрғыдан келгенде қала басшысы өзекті сауалдың шешілу жолын ұсынды. Айтуынша, шаһарда ауыл шаруашылығы жері көп. Олардың иелері де бар. Бірақ, қолданылмай бос жатыр. Осы аумақтардың мақсатын өзгертіп, тұрғын үй салуға тартып алуға да хақы жоқ. Бірақ, жауапты министрлікке хат жолдап, мемлекет меншігіне алынған жерді өзге мақсатта қолдануға рұқсат сұрамақ ниетте. Сонда ғана қаладағы жер кезегіндегі азаматтардың өтінішін қанағаттандыруға болар еді дейді.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Біз ол жерді тартып алуға құқымыз жоқ. Оның игерілмей жатқанын айтып, министрлікке жолдасақ. Оның ауыл шаруашылық мақсатын өзгертіп, тұрғын үй салуға ұсыныс берсек деп отырмын. Сонда ғана жер алу кезегінде тұрған 85 мың адамның өтінішін орындауға болар еді деп ойлаймын. Бұл туралы прокуратураға ұсыныс-хат жолданған».

Қоғамдық кеңес мүшелері кезінде беріліп, енді заңсыз деп танылған учаскелердің көбейгеніне алаңдайды. Мыңдаған қалалықтың шаңырағын бұзу оңай шаруа емес екенін шаһар басшысы да мойындайды. Сондықтан бас жоспардағы кейбір олқылықтарды шешудің өзіндік жолын тапқан. Мысалы үшін Тұран шағынауданын айтуға болады. Қаланың бас құжатында аумақты көп қабатты үйлер тұрғызылады деп белгілеген. Жаңа шағынаудан бой көтеру үшін ондағы тұрақталған тұрғындарды орнынан көтеру сауалы туындаған. Бірақ, қала басшысы қарашаның қамын ойлап, өзге шешім тапқанын айтады.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Біз шағынаудан азаматтарының өтінішін ескеріп, баспаналарын бұзбайтын болдық. Есесіне, бас жоспарға өзгерістер енгізіп, жаңа шағынауданды өзге аймақтан салуға шешім шығардық. Бірақ, бос жатқан жерге құрылыс жүргізу қатаң қадағаланылатын болады».

Кеңеске қатысушылар қоғам болып көкейтесті сауалдарды шешуге бел байлады. Шаһар басшысының ұсынысын қолдап, жоғарыға сұраныс хат жазбақ ниетте. Яғни, баспанасыз шымкенттіктерді 8 соттық жермен қамтудың шешім табуға ниетті.