Аллея салынатын жер сатылып кеткен

405

Сәулет жоспарында болған 3 гектар аллея телімі заңсыз саудаланып кеткен. Қаламыздың «Асар-2» шағынауданындағы жоба орнында жеке үйлер бой көтеріпті. Бұл жөнінде Шымкентттің Сәулет басқармасы мәлімдеп отыр. Ал, аллея орнына үй салған тұрғындар бар өркениеттің өздерін айналып өтіп жатқанын түсінбей дал.

Жиналған мына жұрт өркениеттің арасында тұрып, аралда қалғандай күй кешіп келеді. Айтуларынша, көршілеріне жеткен тегіс жол мен электр желісі бұлар тұратын 4 көшеге жетпей қалған. Тіпті көшесінің атауы да жоқ тұрғындар «тоқалдан туғандай болдық» дейді.

Әкімқаралардың назарынан тыс қалдық деген наразы ел жарықты жекеден сатып алып жағуға, суды көршіден тасып ішуге мәжбүр. Қалада тұрғанымен жағдайымыз ауылдан нашар деп ашынған асарлықтардың бұл күйіне бір ғана себеп бар. Жоспар бойынша осы 4 көше аллеяның орны. Соған қарамастан телімдер сатылып кеткен.
2017 жылғы Қалалық сәулет басқармасының жоспарындағы саябақ телімдері заңсыз сатылып кеткен екен. Осылайша 3 гектар аллеяның орнына аты жоқ 4 көше пайда болған.

Мырзагелді Көбелеков, сәулет тапсырмасы инженерлік жүйелеу бөлімінің басшысы: «Асар-2» мөлтек ауданында тек мектеп, емхана, жол және «Аяла» тұрғын үй кешені ғана қалды. Қалған жердің барлығы сәулет жоспарлау тапсырмасы бойынша беріліп жатыр. Басқа мәселе жоқ. Мектеп те, газ да, жол, емхана құрылысы да жүргізіліп жатыр».

Сәулет басқармасы «Асар-2» дегі аты жоқ 4 көшенің орнына аллея салынбайтынын қадап айтты. Алайда, аудан әкімдігі жол, жарық, су мен табиғи газ мәселесі туралы жауап беруден бас тартты.

Назерке Үкібасова