«Алтын күн». Күнгейде ел тәуелсіздінің 25 жылдығы құрмейтіне орай көрме ұйымдастырылды. Игі бастамада тек кәсіби суреткерлердің туындылары таныстырылып жатыр.
Көрмеге қатысушылардың бірі Бауыржан Нұрмағамбетов қазақтың ұлттық ою-өрнегін жасынан зерттеген. Алматылық суретші енді күнгейдегі мерейтойлық көрмеге де осы нақыштағы еңбегін арқалай келді. Айтуынша, бұған дейін кілем мен текеметтен ғана көрініс тапқан «Шаршы» атты оюды шараға арнайы құпия-қолтаңбамен бояп, бейнемен ұсынып отыр.
Бауыржан Нұрмағамбетов, суретші: «Бір емес, 12 түсті кіріктіре отырып салдым, боядым. Мұндағы мақсат «Шаршының» түрін өзгерту емес, сан қилы дәуірді бастан өткерген халықтың тарихын бейнелеу еді. Менің ойымша, көздегенім орындалды. Ойлана, толғана келе осы туындыны Оңтүстіктің тұрғындарына тарту етіп отырмын.»
«Алтын күн» көрмесін Қазақстан суретшілер одағының өкілдері тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне ұйымдастырды. Шараға тек кәсіби қылқалам шеберлері жұмылдырылған. Сондай-ақ, өзге емес, тек ұлттық құндылықтар насихатталып, қазақтың төл туындыларынан сыр шертер дүниелер таныстырылды. Ал көрмеге келген көпшілік қазақы бұйым-суреттерді тамашалап, ерекше еңбектерді атауды ұмытқан жоқ.
Мария Бекберген, Шымкент қаласының тұрғыны: «Маған көрме ұнады. Әсіресе, Сұлтан Іляевтың шығармалары. Әкесінің жолын қуса, талай тұщымды еңбектерді бейнелейтіні анық. Қазірдің өзінде суретке қарап жігер мен рухани күштің, патриоттық сезімнің лебін сезіндім, ерекше әсер алдым».
Айта өтетін ақпар, «Алтын күн» көрмесіне күнгейлік және есімі ел аумағына етене таныс суретшілердің 500-ге тарта туындылары қойылды. Ал ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын шара әлі апта бойы жерлестеріміздің назарына ұсынылмақ.