1 қыркүйек білім күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан ашылған білім ошақтарының екеуі мектебі жоқ елдімекендерден бой көтерсе, 7 білім нысаны үш ауысымды мектептерді алмастыру үшін салынған.
Тағы 6 ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, 9 білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал 1 мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған.
Осы білім ошақтарының басым бөлігі Мақтаарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда 6 мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте 3 білім ошағынан 6 мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта — 2, Арыста — 2, Түлкібаста — 1, Созақта — 1 және Шардарада 1 білім мекемесі жұмысын бастады.
Жалпы, жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстанда 67 білім нысаны салынса, бүгінге дейін соның арасынан 34 мектеп пен 4 балабақша ел игілігіне беріліп, пайдаланылуда. Жыл соңына дейін тағы бірқатар білім ошақтары елге қызмет етуді бастайды деп күтілуде.
Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметінше, жалпы 67 нысан пайдалануға тапсырылғанда өңіріміздегі 26 145 оқушы жаңа оқу ғимаратымен қамтылатын болады.