Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратураға 9 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Соның 800-ге жуығы ішкі істер қызметкерлерінің жұмысына қатысты. Бұл туралы облыс прокурының орынбасары Мұрат Әлімбековтің «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру барысы бойынша өткізген баспасөз жиналысында мәлім болды.
Жыл басынан бері полицейлерге қатысты 40-қа жуық қылмысты іс қозғалған. Тәртіп сақшылары көбіне қызметін теріс пайдаланып, прокурорлардың назарына ілігуде. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа барып, істі болып жатқандары да аз емес.
Бұл басқосуда мемлекет қаржысын талан-таражға салып, жұртты шулатқан мақтааралдық әкімдердің ісі де тақырыпқа арқау болды. Журналистер балабақшалардың құрылтайшыларымен ымыраласып, бағдарлама бөлінген қаражатты екі асап қалғысы келген шенеуніктердің жайын жарыса сұрасты.
Ұлт жоспарын іске асыру аясында жаңадан қолданысқа енген қылмысты процестік кодекстер бойынша сот өндірісі үш сатылы жүйеге көшті. Нәтижесінде істер мәні бойынша сот актісінің заңды күшіне ену уақыты айтарлықтай қысқарып, қаржылық шығындар да азайған.
Маман таңдау мәселесі де өзекті. Қадағалау органдарына кадрлерді іріктеуден өткізу тәртібі де бірқатар өзгерістерге ұшырап отыр. Ұлт жоспарының қадамына сай жыл аяғына дейін прокуратура органдарында «Қылмысты құқық бұзушылықтар картасы» ғаламтор порталы құрылатын болады. Жаңа жоба арқылы өңірдегі қылмысты көрсеткіштер алақандағыдай бақыланып, сараптама жасауға мүмкіндік береді. Электронды жүйені құруға бюджеттен 88 млн теңге бөлініп отыр.