Енді санитарлық-эпидемиялогиялық қызмет қайтадан денсаулық сақтау саласымен бірігеді. Өйткені жұқпалы ауруларды емдеуде тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметі әзірге тиісті деңгейде емес.
Бұл туралы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртаев мәлімдеді. Оған қоса жаңадан енгізілгелі отырған медициналық сақтандыру жүйесінде аса жұқпалы дерттердің алдын алуға ерекше мән беріледі деген үміт бар.
Елжан Біртанов, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі: «Қазір жасырын емес, жұқпалы аурулар бойынша көрсеткіш мәз емес. Проблемалар баршылық. Ал медициналық сақтандыру жүйесі осы мәселелерді шешеді деген үміттеміз. Көбіне емдеу тәсілін Европа елдерінің медициналық жүйесі бойынша әзірлейміз. Өйткені біз, Елбасы айтқандай, озық елдердің қатарына ену керекпіз.»
Медициналық сақтандыру мемлекеттік бюджет қазынасын үнемдеуге ықпал етпек. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы қаржының 70 пайызынан астамы жедел жәрдем қызметіне бөлінеді екен. Бұл қарапайым халықтың медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейтінін білдіреді дейді мамандар. Ал сақтандыру жүйесі бойынша әрбір азамат өз қалтасынан ай сайын ақша бөліп тұрған соң, денсаулығына салғырт қарамауға тырысады. Сондай-ақ, Қазақстанда жаңадан қоғамдық денсаулық сақтау департаменті құрылмақ. Осыған сәйкес әрбір басқармаларда медицина саласына қатысты арнайы бөлім жұмыс істейтін болады.
Әзірге бұл жоспарлар іске аса қойған жоқ. Бірақ, вице-министр айтқандай, жаңа қоғамдық денсаулық сақтау департаменті құрылатын күн алыс емес. Сондай-ақ, өңірдегі іс сапары барысында Елжан Біртанов жергілікті бас дәрігерлердің қызметін жүйелеп, медиицналық сақтандыру жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.