Бірыңғай жиынтық төлем жойылды: Енді жарнаны қалай төлеуге болады?

57

Елімізде 1 қаңтардан бастап, 5 жылдан бері жұмыссыз азаматтардың төлеп келген бірыңғай жиынтық төлемі тоқтады. Енді қарапайым халықты медициналық сақтандыру қалай жүзеге аспақ?

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем алу мерзімі аяқталды. Сол себепті ресми жұмыссыз тұрғындар медициналық сақтандырусыз қаламыз ба деп алаңдайды. Соның бірі – Құндыз Ислямова. Бірнеше жылдан бері бала күтімімен үйде отырған ол, ауруханаға қалай қараламын деп уайымдайды.

«Бұл адам өмірі ғой. Ойнайтын нәрсе емес. Сақтандыру болмаса ертең дәрігерлер де қарамайды. Көп балалы ана деп 3 жасқа дейін біз жарнаны уақытша төлемейміз. Одан соң не істейміз, білмеймін. Егер кез келген кезде ауруханаға түсіп қалсақ, қалай құтқарады бізді?» – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Құндыз Ислямова. 

Қазір Шымкентте 229 мың тұрғын сақтандырылмаған. Егер олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе де, уайым жоқ дейді мамандар. Бұл жағдайда азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды дербес төлей алады. Оның көлемі биыл 4250 теңге болып бекітілді.

«Ешқандай жеке кәсіп ашудың қажеті жоқ. 2023 жылы 2700 БЖТ төлеуші болған екен. Биыл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, БЖТ төлеп жүрген азаматтар ең төменгі жалақының 5 пайызы, яғни 4250 теңге төлейді. Сондықтан тұрғындар сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндігі бар» – дейді  ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру, арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден.

4250 теңгені төлеу үшін, банк қосымша бағдарламаларына жүгінуге мүмкіндік бар. Атап айтқанда  ЖСН арқылы дербес төлем жасауға болады.

Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан 15 санатқа кіретін тұлғалар босатылады. Сонымен қатар, кез келген азамат жұмыссыз ретінде жауапты органдарға ресми түрде тіркелген мезеттен бастап, ел қамқорлығына алынады.

«Жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрған азаматтар жарна төлемейді. Көп балалы аналар, Алтын, Күміс алқа иегерлері, 18 жасқа толмаған балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ҰОС ардагерлері, 1 жыл жұмысқа тұрмаған қандастар және АӘК алатындар сақтандырылып тұрады» – дейді  ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру, арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден.

Айта кетейік, бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылы 3 қаңтарда бекітілген еді. Жоспар бойынша 5 жылға уақытша енгізілген болатын. Төленген қаражаттың 10% – жеке табыс салығы, 20 % – әлеуметтік аударымдар, 30 % – міндетті зейнетақы жарналары, 40 % – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне құйылатын.