Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихат депутаттары алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр да қатысты. Сессия жиынында шаһар басшысы өткен жылы қала экономикасына жан-жақты талдау жасалып, қаланың 2020 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы дайындалғанын жеткізді.
Жоспарланған іс-шараларды іске асыру үшін қаланың 2016 жылғы бюджетіне жаңадан 68 жоба (16,3 млрд теңге жоспарланған) енгізілген. Биылдан бастап әкімдіктің жұмыс жоспарына қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу, қала тұрғындарының қауіпсіздігі, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру және қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция мен туристердің санын арттыру міндеттері қойылып отыр. Осы мәселелерді толық қамтыған қала әкімінің есебіне қалалық мәслихат депутаттары оң баға берді.
Баяндамасының соңында шаһар басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатымен жыл өткен сайын үшінші мегаорталық-Шымкент қаласы бюджетінің өсіп келе жатқанын айта келе «Президент тапсырмасының жоғары деңгейде орындалуына бар күш-жігерімді сала қызмет етемін» деді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 нысанның құрылысына 7,4 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда барлық нысанның мердігерлері анықталды, 3,1 млрд теңге игерілді. Ал халықты инженерлік жүйелермен қамту бағытында қала тұрғындары орталықтандырылған сапалы ауыз сумен — 85, кәріз жүйелерімен — 41, газбен — 86, ал сапалы электр қуатымен 84 пайызға қамтылған.
Биыл барлығы 47 инженерлік жүйенің құрылысына 18,6 млрд теңге бөлінді. Осы уақыт ішінде шаһарда 9 ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, биыл оның жетеуі пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 98 мың халық ауыз сумен қамтылады. Ал электрмен қамтамасыз ету бағытында 10 жобаның құрылысы жүргізіліп, оның алтауының құрылысы аяқталды. Осылайша бұл көрсеткіш 84 пайыздан 88 пайызға өсті.
Газбен қамтамасыз ету бағытында жүргізілген 8 жобаның 4 жобасы аяқталып, ел игілігіне берілді. 64 мың халық орталық кәріз жүйесімен қамтылған.