Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Биылғы қорытынды жиналыста халық қалаулылары шаһар бюджетін егжей-тегжей талқылады. Нақты айтқанда депутаттар қала қоржынының қаржысын қай бағытқа жұмсалатынын анықтады.
Мысалы, республикалық бюджеттен түскен 605 миллион теңге трансферт Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталықтағы коммуналды жүйені дамытуға бағытталмақ. Ал облыстық бюджеттен бөлінетін 600 миллионан астам қаражат қаладағы ірі 4 коммуналды нысанға жұмсалатын болып шешілді.
Келесі жылдың бюджетінен жол-көлік саласына 14 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті. Осы соманың ішінде 1 млрд 800 млн теңгеге Бекжан базарының маңында жол айырығының құрылысы басталады. Қала басшылығы, сондай-ақ, келесі жылы Байтұрсынов көшесін кеңейтуді қолға алмақ.
Самал базарының маңында, яғни, Рысқұлов көшесі мен Тәукехан даңғылының бойында жерасты өткелдері салынатын болады. Жалпы осы секілді жол құрылысындағы 23 нысанға 9 млрд теңге бөлініпті. Бұл жайында қала әкімінің орынбасыры Гүлжан Құрманбекова мәлімдеді.
Жергілікті басшылар қаланың санитарлық тазалығы мен адам денсаулығын да назардан тыс қалдырмаған. 2016 жылы шаһардағы атжалмандарды дәрілеу үшін 12 млн теңге бөлсе, келесі жылы ол ақша 50 млн теңгеге жетті. Және ветеринария саласының техникалық базасын нығайтпақ.
Нұрлан Жаңабай.