Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі биыл атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Осыған орай қалалық әкімдікте өткен жиналыстың басты тақырыбы – мүгедектер проблемасы болды. Бүгінгі таңда шаһарда 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Ал олардың өмірін жеңілдетуге арналған инфрақұрылым әлі де өз деңгейінде болмай тұр.
Жыл сайын мүгедектерге арналған жол инфрақұрылымы жақсарып келеді. Жолдарға 8 анимациялық, 40 дыбыс бағдаршамдары орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 12 арнайы тұрақ ашық. Ол жандарға материалды көмек те көрсетілуде. Дегенмен, қала әкімі осы саладағы жұмысты бір ізге түсіріп, көмекті нақтылау керек деді.
Есеп соңында бөлім бастығы Бауыржан Қуанышбеков биыл 340 мүгедек жан жұмыспен қамтылды деп хабарлады. Оларға еңбек орнын табу Шымкентте 4 рет өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Ол іс-шараларға қаладағы 700-ден астам мекеме қатысқан.