«Оңтүстік жолдары» мекемесіне 25 арнайы техника берілді

Аймақтағы автожолдарды күтіп ұстауға мүмкіндік туды. «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне күні кеше 25 арнайы техника берілді. Бұған дейін кәсіпорынның балансында жалғыз ғана техника болған. Ал тиісті жұмыстар қосалқы мердігерлерді тартып, техниканы жалдаумен жүргізіліп келді.

Жаңа техникаларды аралап көрген аймақ басшысы өңіріміздегі барлық аудандарға берілетін техниканы қолдануды, әсіресе, қысқы мерзімде қауіпті саналатын Қазығұрт, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас аудандарындағы асуларды үнемі назарда ұстап, қардан тазартып отыруды тапсырды.

«Оңтүстік жолдары» мекемесіне 25 арнайы техника берілді

Облыстық «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне қарасты 4000-нан астам шақырымдық, маңызды автомобиль жолдары бар. Бүгінге дейін кәсіпорынның балансында жалғыз ғана техника болып, тиісті жұмыстар қосалқы мердігерлерді тарту арқылы және жалдаумен жүргізілген болатын. Тек биылдың өзінде өңірімізде 305 нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстарына 25 млрд теңге бөлініп, 600 шақырымнан астам жол мен елдімекен көшелері қамтылыпты.

Нұрсұлтан Сәрсебаев, жүргізуші: «Міне, жаңа техника берлді. Енді биыл қыста жолдарды қардан қиындықсыз тазартып, жұмысымызды жақсы атқаратын боламыз.»

«Оңтүстік жолдары» мекемесіне 25 арнайы техника берілді

Нұрлан Байғұт, ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Жалпы, кәсіпорын жұмысын толық атқару үшін 125 арнайы техника керек. Алғашқы техника келіп отыр. Бұрын 14 ауданды аралауға техника болмайтын, жалдап жұмыс істейтін. Енді бригада жұмыстарын тасымалдауға барлық ауданға түгел берілді. Биылғы қыста жылдағыдан жұмыстары сапалы болады деп ойлаймын.»

Айта кету керек, бұрын автомобиль жолдарының жағдайы көбінесе ағымдағы жөндеу жұмыстары негізінде күтіп-ұсталған. Көлік жолдарын салуға және қайта жаңартуға мүлдем қаражат бөлінбеген. Тек 2000 жылдан кейін ғана қомақты қаражат бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді бұл техникалар дер кезінде қажетті жұмыстарын орындап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс.

Гүлжан Байназарова