Шардарада инновациялық әдіспен пияз егу басталды

508
Шардарада инновациялық әдіспен пияз егу басталды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы шардаралық диқандар инновациялық әдіспен пияз егу жұмыстарын бастады. Бес жылдан бері пияз егу жұмысымен айналысып келе жатқан «Тұрар» шаруа қожалығы биыл 35 гектар алқапқа дән себуде. Жаңа «Ранко» сұрпын егіп жатқан диқандар мұның өнімі бітік боларына сенімді.  Өткен жылы шаруалар еккен пияздың гектарына 80 тоннадан өнім алса, биыл гектарына 100 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, шаруалар пияз тұқымын бір мезетте бірнеше жұмысты атқаратын жаңа заманауи техникамен сеуіп жатыр. Яғни, техника, біріншіден тұқымның арасын 3 см етіп тастаса, екіншіден, тамшылатып суғаратын су түтігін қоса көмуде. Соның нәтижесінде бір гектар жерге 6 келідей тұқым кетеді.

Айта кету керек, жоғары сұрыпты тұқымның бір келісі 64 мың теңге тұрады. Жерді жыртудан бастап, жиын-терім науқанына дейін есептегенде жалпы шығынның көлемі әр гектарға 1 млн 300 мың теңгеге жуық. Алайда, түскен өнім кеткен шығынды еселеп жабады дейді диқандар.

Шардара ауданындағы Жаушықұмның жуасы жалпақ жұртқа жақсы таныс. Тіпті, 2013 жылы Мәскеуде өткен жәрмеңкеге «Тұрар» шаруа қожалығы 20 тонна өнім апарып ұсынған болатын.