Суретші Айнабек Оспановтың көрмесі ашылды

524
Суретші Айнабек Оспановтың көрмесі ашылды

Танымал суретші Айнабек Оспанов — 60 жаста. Ғұмырының 40 жылын шығармашылыққа арнаған график-кескіндемешінің бұл жолда жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Шымкенттегі көркем сурет галереясын ашуға атсалысып, бүгінде облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры қызметін атқаратын ол қаншама жұмысты атқарып, басшылық жасаса да қолынан қылқаламын бір сәт тастағаан емес. Мерейтойын да қуаныш иесі өз өнерін бағалайтын әріптес, жолдастарынмен бірге өткізді.

Суретші Айнабек Оспановтың көрмесі ашылды

Алпыстың асуын бағындырған суретшінің бұл — көрермені алдында 12-рет рет есеп беруі. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген жеке көрменің жөні бөлек, жосығы ерек. Өйткені галереяда суретшінің соңғы 10 жылда өз қаламынан шыққан, жанына жақын, үздік 140-қа жуық төл туындысы қойылған.

Суретшінің алғашқы жұмыстары графикаға құрылған екен. Уақыт өте келе кескіндемені қолға алады. 2003 жылдан кейін сурализмге ден қояды. Осылайша өзіндік қолтаңбамды қалдыру үшін үнемі ізденумен болдым деген Айнабек Оспанов таңбалау стилінде де орасан зор шығармаларды жасай білді. Туған жердің тамаша табиғаты мен салт-дәстүр, бабалар сериясы оның айнымас тақырыбына айналды.

Жеке көрменің ашылуына ОҚО мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов келіп, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Ал Астанадан арнайы келген қонақтар Қазақстанның көркем академиясы академигінің куәлігін тапсырып, медалін тақты. Осы күні мерейтой иесіне тағы бір сый жасалды — өнер иелеріне берілетін «Құрмет» медалі де суретшінің кеудесіне тағылды.

Соңғы 12 жылда 1000-нан астам еңбекті қағаз бетіне түсірген суретші осы күні өзінің 60 құнды шығармасын музей қорына сыйға тартатынын көптің алдында мәлімдеді. Төл туындыларының тақырыбы мен мазмұны көрмеге келген азаматтарға берілген жаңа кітабында жазылған.

Махаббат Әбдешова