Леңгірдегі судың сапасы тым төмен. Осылай деп тілшілерге шағымданған тұрғындар таза ауыз суға жарымай отырмыз дейді. Бір таңқаларлығы, тіршілік көзі мәселесін шешу үшін орталық су жүйесі күрделі жөнделген де. Алайда, қалалықтар әлі күнге дейін лай суды тұндырып ішеді. Бұл мердігер компанияның сапасыз жұмысынан ба әлде жобалық құжат о баста дұрыс түзілмеген бе? Оның анығын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Шенділердің бар айтары «қарастырып жатырмыз» болды.
Ауызсудың зардабын тартып отырғандардың бірі — Грицаевтар отбасы. Қалада тұрады деген атымыз болмаса, ішіп отырған суымыз лай сияқты дейді зейнеткерлер. Мәселені көтеріп, бармаған жері қалмаған Лариса Николаевна бүгінде тіршілік нәрін тазартуға өзі кірісіпті. Осылайша суды шәйнекте тұндырып алып, соңынан міндетті түрде қайнатады. Көршілерінің де жағдайы осы — суды ыдыстарға жинап, тұндырып барып пайдаланады.
Наталья Грицаева, Леңгір қаласының тұрғыны: «Таза су ішкен кезімізді ұмыттық. Құбырдан осындай лай су ағып тұрады. Ауырып қаламыз ба деп қорқамыз. Ақсақалдар «Көктеректегі» су қоймасы ашық, ол жерден мал да ішеді, қоймаға жаңбыр суы да, таудан аққан су да құяды» дейді. Тазарту қондырғылары бар деседі, кім біледі?! Әйтеуір бізге келген судың сапасы осы, өте төмен.
Қаладағы ауызсу сапасының мәселесі Төлеби ауданының басшылығына таңсық емес. Аудан әкімі облыс әкімдігінде өткен брифингте «қол қусырып отырған жоқпыз, лай суды тазарту үшін қолдан келген амалдарды жасап жатырмыз» деп ақталған.
Амалдар қарастырудың қашанға дейін жалғасары белгісіз. Себебі, жақында «НұрОтан» партиясының өңірлік филиалының ауданда ұйымдастырған қоғамдық қабылдауына да аудан тұрғындары осы мәселені айта келген-ді. Бұл жолы жауаптылар мәселе кезеңімен шешіледі деп түсіндіруге тырысты.
Леңгір қаласындағы су жүйесін жаңалауға бюджеттен аз қаржы жұмсалған жоқ. Ал нәтиже әзірге осындай. Қазынадан бөлінген қаражаттың шарапатын көрсек, мұншалықты қиналмас едік деген тұрғындар тағы да күтімен қалды.