Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен кездесті. Жүздесу барысында өңіріміздегі діни ахуал мен татулық пен келісім, рухани-өнегелі тәрбие берудің маңызды мәселелері талқыланды, облысымыздағы діни білім берудің жайы қозғалды. Өңір басшысы жоғары білікті имамдар даярлау және өңіріміздегі теологиялық білім беру жүйесін жетілдіруде медресе-колледждердің маңыздылығына тоқталды.
— Бүгінде облысымызда 800-ге жуық мешіт бар. Оларда қызмет етіп жатқан имамдардың білімі мен біліктілігіне аса мән берген жөн. Имам — тек мешіттің ішінде ғана жауапты емес, тұтас бір ұлттың, мәдениеттің, руханияттың алдында жауапты тұлға. Сондықтан ауылды жерлердегі мешіттерді білікті діни қызметкерлермен қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы — бұл салаға мейлінше мұқият талдау жүргізіп, аса ұқыптылықпен жұмыс істеген абзал, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазіргі таңда имамдар даярлаумен Шымкент пен Сарыағаштағы медресе-колледждер айналысады. Аталған оқу орындары имамдардың діни танымын арттырып, саяси және моральдық тұрғыдан барынша жетілуіне күш салып келеді. Бұл мақсатқа 2016 жылы облыс бюджеті есебінен қаржы бағытталып, 175 грант бөлінген.
— Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі діни салаға аса қамқорлықпен қолдау білдіріп отыр. Осының нәтижесінде екі медресеміз мемлекеттік лицензияға қол жеткізіп, колледж ретінде тіркелді. Осы және өзге де бағыттағы бірлескен жұмыстарымыз жемісті боларына сенімдімін, — деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Сондай-ақ кездесуде өзге де жат ағымдардың жұмысына талдау жасап, үгіт-насихат шараларының алдын алып, назарда ұстап отыру мәселесі де сөз болды. Бас мүфти мұсылмандардың рухани қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру және деструктивті діни ағымдардың таралуына жол бермеу мақсатында қоғаммен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін сөз етті. Бұл ретте ол негізгі міндет білікті имамдар мен облыстық дін істері басқармасының мамандарына жүктеліп отырғанын атап өтті.