Оңтүстікте сот орындаушылары аттестациядан өтеді. Бұл туралы облыстық әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Елімізде жүзеге асырылып келе жатқан бес институционалды реформаны іске асырудың «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 27-қадамында көзделген бағдарға сәйкес жұмыстардың істелініп жатқанын айтқан департамент басшысы жеке сот орындаушыларының институтын дамыту жұмыстары облысымызда жыл бойы қарқынды жүргізілгенін атап өтті.
Мәселен, өткен жылы аймақтағы жеке сот орындаушылар саны 96-ға көбейіп, бүгінгі күні 196 маманды құрап отыр. Сәйкесінше, олардың атқаратын істерінің ауқымы да артып, жеке орындауға жалпы сомасы 213 613 122 352 теңге болатын 345 363 атқарушылық құжат түскен. Өткен кезеңмен (2015 жылмен) салыстырғанда бұл көрсеткіш 52% көбейіп отыр. Жеке сот орындаушылары осыншама құжаттың ішінен сомасы 72 123 960 110,27 теңге болатын 191 859 құжаттың жұмысын аяқтады.
— 2016 жылы жеке сот орындаушыларда алименттерді өндіруге қатысты 12 754 құжат болған, оның ішінде 2 678-нің өндірісі аяқталды. Ал сол кезеңде мемлекеттік сот орындаушыларының орындауында болған 15 111 алименттік өндірістердің ішінде 14 099 аяқталып, жылдың соңында 1 512 құжат қалған, — деді Е.Дауылбаев.
Баспасөз жиынында адвокаттардың, нотариустардың жеке және заңды тұлғаларға көрсететiн заң қызметтерiнiң сапасына бақылау жүргізу әділет департаментінің функцияларының бірі болып табылатынын айтқан департамент басшысы облыс аумағында 423 адвокат және 467 нотариус заң қызметін көрсететінін, және олар 2016 жылы 11775 азаматқа тегін заң көмегін көрсеткенін жеткізді.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамалардың нормаларын бұзғаны үшін 7 нотариустың лицензиясы тоқтатылып, 40 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылған, 2 нотариус лицензиясынан айрылған.
АХАТ саласындағы жұмыстар аясында былтыр жергілікті атқарушы органдарда 133349 азаматтық хал актісі тіркелген. Оның ішінде тууды тіркеу 82036 болса, некеге тұруды тіркеу — 21716 құжат. Ал жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу бойынша 156 294 жылжымайтын мүлікке құқық тіркеліп, оның ішінде 46509-ы нотариус мәмілені куәландырғаннан кейін электронды форматта тіркелген.
Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу жұмыстары шеңберінде 566 нормативтік құқықтық акті ұсынылып, оның 495-і тіркелді. 11 нормативтік құқықтық актіні тіркеуден бас тартылды, 56-на құқықтық сараптама жүргізілмей, кері қайтарылды. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау аясында 19 әкімшілік іс қозғалып, соттарда қаралуына сәйкес құқық бұзушыларға 1 533 483 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Фото: Самат Мырзалиев