Мемлекеттік заңгерлер 7 мың тұрғынға қызмет көрсетті

30

Шымкентте мемлекеттен тегін заң көмегін алатындар саны артты. Бір жыл ішінде жеті мыңнан астам шымкенттікке Әділет департаментінің заңгерлері қызмет көрсеткен. Кімдер ақысыз заң көмегіне жүгіне алады?

Алименттен жалтарған жандар шымкенттік қыз-келіншектердің бас ауруына айналғалы қашан. Әділет департаментінің мәліметінше, көбінде заң аясындағы көмекке ажырасқан әйелдер жүгінеді екен. Мемлекеттік адвокаттар бұрынғы күйеуінен алимент ала алмай жылдар бойы сабылған аналарға заңгерлік көмек көрсетеді.

Айнұр Исабекова,  Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары: «Бізге бір әйел алимент өндіру туралы сұрақпен келді. Сәйкесінше біз оған адвокат ұсындық. Өкінішке орай алимент төлеуі керек адам Шымкент аумағында тұрмайтын болып шықты. Дегенмен, заң кеңесшіміз тиісті үндеу жобасын жасауға көмектесіп, басқа аймақтағы әріптестеріне барып, процестің одан әрі дамуына үлес қосты».

Қала тұрғындарының көтерген өзекті мәселелерінің бірі ақылы адвокат көмегіне жүгінуге мүмкіндігі жоқ жандарға тегін қызмет көрсетілсе деген өтініш болатын. Осыған орай, жергілікті Әділет департаментінде жүзден астам заңгер мен 1000-ға жуық кеңесші тегін қызмет көрсетеді. Адвокатқа тұрғындар келесідей қызметтер бойынша жүгіне алады.

1) Жеке тұлғаларға алимент өндіру, зейнетақы және жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша,
2) жыныстық зорлық-зомбылықтың, адам саудасының, лаңкестік актінің құрбандары немесе осы мәртебеге немесе жағдайға байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша азаптауға ұшырағандар;
3) асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар;
4) еңбекпен байланысты денсаулығына келтірілген зиян немесе қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
5) Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктер бойынша теңестірілген Ұлы Отан соғысына қатысушылар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді әскери міндеттілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша;
6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасылар;
7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, белгіленген кедейлік шегінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы аз қамтылған азаматтар.

Заңгерлік көмекке мұқтаж жандар бұл тегін қызметті бір рет ала алады. Ал консультация өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі. Егер тұрғынның мүмкіндігі шектеулі болса немесе ауыр науқасқа шалдықса, адвокат өзі үйлеріне барып, көмек көрсете алады. Биыл 7 мыңнан астам шымкенттік тұрғын тегін заңгерлік көмек алып үлгерді.

Айнұр Исабекова,  Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары: «Адвокаттар қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер шеңберінде өкілдік ету мен қорғауды жүзеге асырады, сондай-ақ құқықтық консультация беру түрінде, оның ішінде құқықтық сипаттағы өтініштер, шағымдар мен құжаттарды жасауға көмектеседі». 

Мемлекеттік адвокаттардың байланыс номерлері Әділет министрлігінің www.gov.kz интернет-порталындағы «құжаттар», «заң консультанттарының бірыңғай тізілімі» бөлімдерінде, сондай-ақ «E-заң көмегі» жүйесіне енгізілген. Сонымен қатар арнайы сайт тұрғындарға хабарлама түрінде қабылдайтын «онлайн кеңес» қызметін ұсынады.