Шымкентте осыдан бір ғасыр бұрын салынған баспаналарда әлі күнге дейін күнелтіп отырған отбасылар бар. Іргетасы тозып, қабырғасы сөгілген үйлерде тұрып жатқандар олардың қазіргі күйі, тұрғын үйлердің қай кезде апатты деп танылатындығы, олар мемлекеттен не күте алатынын тарқатып айтып көрейік.
Тұрғын үй инспекциясының бізге берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде қалада апатты деп танылған 3 үй бар. Олар Гагарин көшесіндегі № 112, Түркістан көшесіндегі № 14, Абай даңғылындағы № 9 үйлер.
Біз Абай ауданына қарасты Абай даңғылындағы № 9 үй жарамсыз деп танылған үйге барып көргенді жөн санадық. Бұл баспанада қазір тұрғындар жоқ. 2 қабатты үйдің төменгі қабатында коммерциялық нысандар жұмыс істейді екен. Өзін сол ғимараттың иесімін деп таныстырған әйел қазіргі жағдайын суретке түсіруге де рұқсат етпеді. Оның айтуынша, бұл тұрғын үйді төрт адам сатып алған. Астыңғы қабатында дүкен жұмыс істейді. Бірақ, бүгінде ол да сатылымға қойылғанын жасырған жоқ.
Ал, Гагарин көшесіндегі № 112 үй бұзылсын деген шешім шыққан. Онда тұрған 33 отбасының 17-сінің заңды құжаты болғандықтан, коммуналдық меншіктегі бір бөлмелі пәтерлермен қамтамасыз етілген. Заңды құжаты жоқ 16 отбасы уақытша Өзбек көшесіндегі коммуналдық меншіктегі жатақханаға орналастырылған. Жанын шүберекке түйіп, баспананың бүгін-ертең құлап қалмауын тілеп отырғандар — Түркістан көшесіндегі № 14 үйдің тұрғындары…
Тұрғындардың жанайқайы
Түркістан көшесіндегі екіқабатты үйде 13 пәтер бар. Жеті пәтерде коммерциялық нысандар орналасқан. Дүкен, ателье дегендей. Ал, қалған алты пәтерде күн кешіп жатқандар — зейнет жасындағы қариялар мен балалы-шағалы отбасылар.
-Бізге үй апатты, жөндеуге келмейді деп айтты. Үйдің іргетасы ширек ғасыр бұрын қаланған ғой. Мен 1967 жылдан бері осындағ бір бөлмелі пәтерде тұрып келемін. Үй тозып кетті. Пәтерлердің жартысын ақшасы барлар түрі коммерциялық нысандарға айналдырып жіберді. Бір күні үй құлап, төбемізге түсе ме деген үйреймен отырамыз. Қайда баратынымызды да білмейміз. Бізге ешкім ешнәрсе айтқан жоқ. Үйдің кезегінде тұрмыз. Оны қашан алатынымыз белгісіз. Оны бергеннен не пайда, егер ай сайын ақшасын төлесек?! — дейді №14 үйдің тұрғыны, зейнеткер Тамара Георгиевна.
Өзін Эльвиза деп таныстырған жас келіншек бұл үйге осыдан 2 жыл бұрын көшіп келіпті. Екі баласы бар, жұмыссыз. — Біз үйдің кезегінде де жоқпыз. Бірақ пәтер береміз деп айтқан. Екі баланы ойлап уайымдаймын. Көріп тұрғаныңыздай екінші қабаттағы пәтердің ванна бөлмесінің едені құлағалы тұр. Қалың трубамен тіреп қойған. Әр күніміздің аман өткеніне қуанамыз.
Аталған тұрғын үйдегі үш пәтердегілер баспана кезегіне тұрған. Аудан әкімдігі мен тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғынжайды босату туралы ескертуін әлдеқашан жасап қойған екен. Тұрғын үй инспекциясы бізді осылай сендірді. Ал, тұрғындар үйді босату туралы ешқандай ескерту жасалмағанын жеткізді.
Түркістан көшесінің бойында орналасқан бұл үйге кірсеңіз, көзіңізге бірден үлкен тіреуіштер түседі. Тозығы жеткен қабырғаны ол темірлер қанша уақыт ұстап тұра алатынына кепілдік жоқ. Ол түгілі, кейінгі жылдары тұрғызылған көпқабатты үйлердің қабырғалары опырылып, апатты жағдайға түсіп жатқанын көргенде, мынадай үйге аяқ басудың өзі қорқынышты…
Шымқалада ескі үйлер көп
-Қалада 1782 көп қабатты тұрғын үй бар. Апатты, сейсмикалық нығайтуды қажет ететін үйлердің көбі Абай, әл-Фараби аудандарына қарасты. Төле би, Б. Момышұлы, Қорғасын зауыты маңындағы көшелерде үйлер ертеректе салынған. Ал ресми құжаттар бойынша, қалада Түркістан көшесіндегі бір үй ғана, яғни, № 14 үй апатты деп саналады. Онда тұруға болмайды. Ал сейсмикалық нығайтуды қажет ететін үйлер жетерлік. 2017 жылы қалада 7 үй техникалық сараптамадан өтіп, қайта нығайту жұмыстары жүргізіледі,-дейді Шымкент қалалық коммуналды шаруашылық, тұрғын үй бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсынов.
— Техникалық қорытындылар мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Алдымен, үйдің апатты жағдайға жетуіне не себеп болғандығын тексереміз. Оның қай жылы салынғаны, іргетасы, жылу, су, газ құбырларының жай-күйі түгелімен сала мамандарының көмегімен зерттеледі. Сосын бұл дәйектемелер арнайы комиссияда қаралады. Расында, үй пайдалануға мүлдем жарамсыз болса, апатты деп танылады. Ал, пайдалануға әлі де болатындығына көз жеткізілсе, сейсмонығайту жұмыстары жүргізіледі, дейді сала маманы.
Сонымен, 2017 жылы Шымкентте 7 үйге сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізіледі.
Олар:
А. Асқаров көшесі № 29 үй
Б. Момышұлы көшесі № 23 а үй
Әлімқұлов көшесі № 26 үй,
Володарский көшесі № 5 үй
Б. Момышұлы даңғылындағы № 8 үй
Б. Момышұлы даңғылындағы № 8а үй
Қаратөбе тасжолы № 34 үй.
Тұрғын үй апатты деп танылғанда ондағы тұрғындар уақытша баспанамен қаматамыз етіледі. «Тұрғын үй қатынастары» заңының 67 және 74 баптары бойынша мемлекеттік тұрғын үй кезегіне қойылып, пәтер алуына мүмкіндігі бар.
Тұрғын үй қай кезде апатты деп танылады?
Көпқабатты тұрғын үй онда тұратын адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін болса, бұзуға шешім қабылданады. Яғни үй тым ескі, іргетасы мен қабырғасы мүлдем тозып, зәктеніп, қабырғалары зеңденгенде және жәндіктер қауіп келтіргенде жарамсыз болады. Мұны тұтынушылардың құқығын қорғау, төтенше жағдайлар, сәулет, жергілікті әкімдік мамандары мен тәуелсіз сарапшылар бірлесе анықтайды. Сол шешім негізінде көпқабатты үйдің жарамдылығын немесе жарамсыздығы анықталуы керек. Егер апатты деп танылып, оны бұзуға ұйғарым шығарылса, жобасы қайта түзіліп, күрделі жөндеу жұмыстарының сипаты нақтыланады.
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА