Шымкенттегі бір көшедегі үйлер апатты деп танылды

251

Су құбыры ақауынан Шымкентте тағы да бүтін үйлер бүліне бастады. Бұл жолы Еңбекші ауданына қарасты Жастар көшесінде 3 үй апатты күйге түскен.

Тамшылап аққан су кесірінен үйлерге жарамсыз деген анықтама да беріліпті. Алайда, ондағы тұрғындар қақыранды астында тұруға мәжбүр. Себебі кеткен қателікті жауаптылар жауапкершілігіне алмаған. Ашынған ел енді президентке ашық хат жолдауға бекініп отыр.


Жазира Әбдімұратова үшін тыныш ұйқы 4 айдан бері арманға айналған. Себебі ол тұратын баспана күннен күнге қақырап барады. Алғашында, үйдің едені бүлінсе, бүгінде терезенің жақтауы жантайыпты. Саңылауды мақтамен жамап, жан баққан ол мұның барлығын көшедегі тесілген су құбырынан көреді. Сөзінше, қашан екені белгісіз асфальт астынан жарылған құбыр суы үй астына кетіп отырған. Салдарынан жер жұмсарып, 3 отбасы тұратын шаңырақ ортасына түскелі тұр.


Жұмакүл Тасболатова, қала тұрғыны: «Қиын болды. Енді амал жоқ. Осының кесірінен ауруханаға да жатып шықтық. Көрген күніміз осы. Жағдайымызды да сұрамайды. Амал жоқ енді».


Бұл көшеде су құбырынан үйім бүлінді деп жанұшырған жалғыз Тасболатовтар отбасы емес. Қалмұрзаевтар да жаңа үйінің жауапсыздар кесірінен күйрегенін айтады. 13 адам күнелтіп отырған баспананы арнайы мамандар тіпті тұруға жарамсыз деп шығарған. Мұны айтып, құбырға жауапты Балқыбек Танташевке арызданғанымен мазағына қалдық деп мұңаяды ел.


Перизат Қалмұрзаева, қала тұрғыны: «Отырмасаң тұрып тұр деді. Сонда мен үй қозғалған сайын немерелеріммен әр бұрышқа қаша беремін ба? Учаске басшысы Балқыбек Танташев айтты ол сөздерді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдық. Кірпік ілмей жатамыз. Бір күні үйіндінің астында қалып кетеміз бе деп».


Жастар көшесі тұрғындарының су құбырына жауапты мамандармен дауы бүгін басталған жоқ. Сөздерінше, сала мамандарының салғырттығынан 4 жыл бұрын мұндағы тағы 3 үй бүлінген. Апатты деп танылмағанымен жұрт бұл жерде әлі де күн кешуге мәжбүр. Себебі барар жері жоқ.


Алтынай, қала тұрғыны: «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-інен ешқандай жәрдем жоқ. Сөз жәрдем де, қаржыдан да. Біздің сөзіміз жоғары жаққа жетпей жатыр. Балқыбек деген жауапты кісі қолыңнан келгенін істе деп отыр».


Ал, жауапты деген Балқыбек Танташев үйлердің су құбыры ақауынан емес, жаңбыр қар суынан бүлінгенін айтады. Сөзінше, көшеде бұған дейін бүлінген 3 үйге мейірімдігі ауып көмек көрсеткен. Сүттен ақ, судан тазамын деген Танташев құбырдың 8 жыл бұрын ауыстырылғанын да жасырмайды. Алайда оған бюджеттен бөлінген қаржы есінде қалмапты.

Ал, Еңбекші аудан әкімдігі жұрттың сотқа жүгінуі керектігін айтады. Әйтпесе, басталған мәселе тағы да созбаққа салынуы мүмкін. Еске сала кетейік, су құбыры ақауынан үйсіз қалдым деген бұл алғашқы шымкенттіктер емес. Бұған дейін де Азат және Сәуле шағын аудандарында бүтін үй тамшылап аққан су кесірінен қираған енді.

Назерке Үкібасова