Кентаудағы апатты үйлер сүрілмек. Тұрғындар наразы

637

Кезінде «Қаратаудың тәжі» атанып, талайды тамсандырған қала бүгінде сол даңқының ширегіне де жетпей тұр. Кентауда елес үйлер көп. Яғни, ешкім тұрмайтын, бос үйлер басым. Сыртқы көрінісі соғыстан кейінгі кезеңді еске түсіретін үйлер жайлы жергілікті билік жасырып жабуға құмар. Бірақ бұл бәрібір аяғы ашылып қала беретін ақиқат.

Кентаудағы Мичурин көшесіндегі 39 үй тұрғындары сан шүкірін айтып осы үйлерде тұрып жатыр. Олардың түн ұйқысын қашырған әкімдіктегілер бұл үйді бұзамыз деп отырған көрінеді.

Тұрғындар «Бұл үйлерде тұру тым қауіпті, үй береміз, кезекке тұрыңдар дейді. Алайда ол кезектің қашан келері белгісіз. Әкім бізді көзіне де ілгісі келмейді, ызбарланып сөйлеседі. Бізге пәтер жалдаңдар дейді, отбасымда 7 адамбыз, бізді кім кіргізе қойсын? Бізге ұсынып отырған үйлері құлағалы тұрғандай. Қайта осы үйіміз берік, жүз есе сенімді» дейді.

Көпқабатты үйлерде ешкім тұрмайтын бос пәтерлер көп. Бірақ Түркістан облысы орталығы болған соң бүгінде сол елес пәтерлерге қоныстандыра бастапты. Үйдің сүрілетінін естіген тұрғындардың барлығы да наразы. Осыдан бірнеше жыл бұрын әлдебір комиссия келіп тексеріп, үйді бұзу керек деген нақты шешім қабылдап кетіпті.

Мұрат Алтыбаев, қала тұрғыны: «Биліктегілер біздің үйді батпақтың үстіне салынған деп отыр. Бұл жерде ешқандай батпақ жоқ. Құп құрғақ. Ал комиссия батпақ депті. Бұл жерде әлі 50 жыл тұруға болады. Әкімге бардық «бұл жеке үй, өздерің не істесеңдер соны істеңдер» деді. «Бұзамыз, жетім жесірлерге береміз» дейді. Сонда біз далада қалуымыз керек пе?».

Біздің түсірілім тобы проблемалық ауданда жүргенін есітіп жергілікті билік өкілдері жетіп келді. Тұрғындар өз наразылықтарын ашық айтып, айқайға басты. Кентау қаласы әкіміндегілер үйлерден қоныс аударту қашып құтыла алмайтын проблема деп отыр.

Әбдімәлік Алдамұратов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары: «Бұл апатты үй деп танылған. Сіздер тұрғын үй кезегіне тұрасыздар. Жалдамалы пәтерге көшесіздер, ақысын әкімшілік төлейтін болады».

Апатты үйден тұрғындарды көшіру қашан басталатыны белгісіз. Ашынған тұрғындар Елбасыға арыз жазбақ. Өйткені жергілікті билік бұл мәселенің түйінін тарқатуға шамалары келмейді деп есептейді. Атқамінерлер құлағалы тұр деп тапқан үйдің дәл жанынан жаңа көпқабатты үй тұрғызылуда. 39-шы үйдің тұрғындарына су жаңа пәтер беріле ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Ал белгілісі тұрғындар өліспей беріспейміз деп тас түйін бекініп отыр.