Оңтүстіктің салықшылары жоспарды артығымен орындады

321
Оңтүстіктің салықшылары жоспарды артығымен орындады

Оңтүстікте шағын және орта бизнестен 150 миллиард теңге салық жиналды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Орынов мәлім етті.

Маманның айтуынша, облыстағы 211 мың шағын және орта бизнес нысанынан қазынаға өткен жылы 150 млрд теңге түсті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 9,8 млрд теңгеге артық.

— Біздің саланың негізгі қызметіне қатысты тапсырманың тағы бірі — бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оған оңтайлы жағдайлар жасау және кеңейту. Оы ретте жеке кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға ұсынылатын құжаттардың саны 7-ден 4-ке дейін азайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы салық өтініштері мен салық есептілігі нысандарының жекелеген түрлерін ұсыну мүмкіндігі, бюджеттік сыныптаманың 208 кодынан (БСК) 119–ға (57,2%), қосымша құн салығын қайтару мерзімдері 180 күннен 155 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды, — деді департамент басшысының орынбасары.

Брифингте мәлім болғандай, 2016 жылы облысымыздың сыртқы тауар айналымы 1 млрд 763 млн АҚШ долларды құраған. Ал кедендік төлемдер мен салықтардан бюджетке 53 млрд 500 млн теңге көлемінде қаржы түскен. Бұл 2015 жылғымен салыстырғанда 19,6 млрд. теңгеге немесе 58% өскен.

Сонымен қатар өткен жылы мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан халыққа 1,7 млн. мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде, қызметтің 1,4 млн немесе 81%-ы — электронды түрде, ал электронды үкімет веб-порталы арқылы 11 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Осылайша Елбасы жолдауында айтылған цифрлық индустрияны, яғни, IT саласын дамыту тапсырмасын нәтижелі жүзеге асырып отырмыз дейді департамент өкілдері.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі