Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына тосқауыл болмай тұр. Жылдар бойы жырға айналған бұл мәселені парламент мәжілісінің депуттары енді жаңа заң шеңберінде шешпек. Халық қалаулары осы мақсатта Оңтүстікке арнайы іс-сапармен келіп, медициналық заттар өндіретін зауыттардың жұмысымен танысты, жұмысшылардың мұқтаждарын тыңдап қайтты.
«Химфарм» АҚ — дәрілік заттарды шығаратын жетекші фармацевтикалық өндіруші компания. Өндірісі қайнаған жұмыс орнында болған парламент мәжілісінің депуттары 3 кәсіпорынның цехының жұмысымен және өнімдерімен танысты. Мұнан соң 12 депутатан құралған арнайы комиссия мүшелері Экофарм ЖШС болды. Мұнда жылына 15 млн стерильді ине мен 70 млн вакуумды сынауық шығарылады. Серіктестік басшылығының сөзінше, зауытта өндірілетін тауарға сұраныс төмен. Соның салдарынан кәсіпорын өнімдерін көбіне шетелге экспорттауға мәжбүр.
Гүлия Жүзенова, «Экофарм» ЖШС атқарушы директоры: «Келісім бойынша Қазақстаннан, біздің зауыттан бүкіл медициналық мекемелерден 64 млн-ға дейін тауар алуы тиіс. Ал қазір бізден 20-21 млн данасын ғана алып жатыр. Ал қалған 40 млн данасын шетелден, әсіресе, Қытайдан алады.»
Отандық тауарлар шетелге экспортталып жатқанда Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап тұр. Өйткені үкімет басындағылар дәріханаларда кәсібін дөңгелеткен іскер азаматардың бизнесіне араласа алмайды. Мұны осы салаға жауаптылардың өзі де растап, құзыры жағынан дәрменсіздік танытып отырғандарын жасырмайды. Мәселен, Қазақстанда жетпіс мыңға жуық отандық дәрі-дәрмек тіркеуге алынса, оның елу пайызының бағасы ғана бақылауда болады екен. Ал қалған отандық және шетелден тасымалданатын медициналық өнімдердің бағасы еркін айналымда.
Лариса Пак, денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрайымының міндетін атқарушы: «Біз тіркеуге алынған дәрілердің елу пайызының бағасын ғана бақылауға аламыз. Ал қалғандарына жауап беруге құзырымыз жетпейді. Яғни, заңсыз болып саналады. Дәрілердің бағасын тұрақтандыру үшін бізге жаңа заң қабылдау керек.»
Бағаны тұрақтандыру үшін жаңа заң қажет болғандықтан, халық қалаулары бұл істі шешудің жолын қарастырмақ. Осы мақсатта медициналық көмектің кепілдік берілген шеңбері аясына қосымша өзгерістер енгізбек. Яғни, дәрінің бағасын реттеуге арналған жаңа заңды қарастырамыз дейді.
Бейбіт Мамраев, парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы: «Елбасының тапсырысы бойынша дәрі-дәрмек бағасын қалыптастырудың заңдылық жағын қарау керек. Жаңа заң жобасын дайындауға тиіспіз. Осы бағытта Оңтүстікке келдік.»
Дәрі-дәрмек бағасының көтерілуінен бөлек бұл өнімнің тапшылығы науқастарға емін қабылдауға кедергісін келтіруде. Әсіресе, қазір өңірде қатерлі ісікке шалдыққан азаматтар үкіметтен берілетін қажетті препараттардан қағылып отыр екен. Халық қалаулары дәрінің тапшылығы денсаулық сақтау министрілігі мен «СК фармация» ЖШС салғырттығы дейді. Өйткені екі тарап бірігіп жұмыс істеудің орнына, проблемаларды бір-біріне жүктеп қояды әдетке айналдырыпты. Сондықтан, халық қалаулары шарықтаған дәрінің бағасын реттейтін заңды қабылдамақ.