Шымкенттің жасыл аймағы кеңейеді

456
Шымкенттің жасыл аймағы кеңейеді

Оңтүстікте көктемгі жұмыстар басталып кетті. «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесінің биылғы жоспары ауқымды. Қала шекарасын көгалдандыруға атсалысып жүрген мамандар биыл 3500 гектар алқапқа ағаш көшетін отырғызбақ. Ал қазіргі таңда агрономдар қоғамдық баудың көшеттерін бұтап жатыр.

Бұл көшеттер биыл алғашқы жемісін береді. Осыдан екі жыл бұрын 50 гектар алқапқа жеміс ағаштары егілген болатын. Осылайша өңірімізде алғашқы қоғамдық бау бағдарламасы іске асып жатыр. Бағдарламаның нәтижесі жаман емес дейді мамандар.

Қоғамдық бауда алма, алмұрт, өрік пен шабдалы ағаштары өсіп тұр. Алдағы екі-үш жылда қаланың кез келген тұрғыны осы баудан өз қолымен жеміс жинап, жеуге мүмкіндік алады. Бағасы да қолжетімді. Ал әзірге «Жасыл аймақ» мекемесінің мамандары отырғызылған әр көшетті баптап жатыр.

2009 жылы басталған «Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша биыл тағы 3500 гектар алқапқа ағаш көшеттерін егу жоспары бар. Соның нәтижесінде болашақта қала аумағандағы жасыл желектің көлемі 8 мың гектардан асатын болады.

Нұрлан Жаңабай