2017 жылдың 15 ақпаны күні кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толды. Бірақ, әлі күнге дейін ауған соғысы қатысушыларының мәселесі шешімін таппай келеді. Жылдан-жылға саны азайып бара жатқан ауған соғысы ардагерлерінің бірқатары әлі күнге баспанасыз, жұмыссыз жүр.
Ауған және аймақтық соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегеновтың сөзінше, ауған жерінде болған жауынгерлер денсаулығынан айырылып қайтты. Өйткені, о жақта түрлі аурулар кең тараған. Мұның бәрі жасы келе шығып жатыр. Дені 5-55 жас аралығында көз жұмуда.
– Ауған соғысы біткенімен, проблем біткен жоқ. Бұл соғыс туралы әркім әртүрлі әңгіме айтады. «Қазақстан үшін керек емес соғыс болған» деп те баға береді. Бірақ,жігіттеріміздің бәрі де сол одақ құрамында әскери борышын өтеуге аттанды. Абыроймен оралды. Енді соларға көңіл бөлінуі керек. Қазіргі кезде бізге керек болып жатқаны «Ардагерлер туралы» заң. Осы заңды жаңартып, өзгерту қажет. Немесе жаңа заң қабылдау керек, – дейді Шәріпбай Өтегенов (суретте).
Төрағаның сөзін Махмуд Рысбаев та қостайды. 1979 жылы 25 желтоқсанда ауған жеріне кірген Махмуд Елемесұлы Ауғанстанның Құндыз провинциясында болыпты. Айтуынша, облысымыздағы ауған соғысы қатысушылары арасында әлі күнге баспанасыз жүргендері бар. Баспанасы жоғы былай тұрмақ, денсаулығына қажетті қарапайым күтім алуының өзі мұң. Бұл мақсатта қандай да бір көмек жоқтың қасы. Тек айына берілетін 13-14 мың теңге жәрдемақыдан басқа ештеңе қарастырылмаған.
– Ауған соғысына қатысқан жерлестеріміздің бәрі дерлік денсаулығынан айырылған. Осы бауырларымызға Үкімет тарапынан медициналық жәрдем болса екен. Олардың жылына бір рет емдеу-сауықтыру орталығына барып, денсаулығын түзегені жөн. Қазір Оңтүстікте 2 мыңдай ауған соғысы ардагері болса, жылына тек 2-3 жолдама ғана беріледі. Қалғаны кезегін күтеді. 2 мың жауынгер үшін жылына 2-3 қана жолдама аз,– дейді Махмуд Рысбаев (суретте).
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін аймақтық қақтығыстарға қатысқан жауынгерлер де назардан тыс қалған. 1992-2001 жж. аралығында тәжік-ауған учаскесінде ТМД сыртқы шекарасын қорғау бойынша әскери тапсырмасын орындаған қазақстандық жеке қосынды атқыштар батальонының қаза тапқан 17 жауынгеріне арналған ескерткіш тақта ғана орнатылыпты. Басқа ештеңе жоқ. Бұл туралы тәжік-ауған соғысының қатысушысы Нұрлан Мулдагалиев айтады.
– Бізге қандай да бір көмек бермек түгілі, бізді Қазақстан тарихында да айтпайды. Бізді тарихта да ұмыт қалдырған. Еліміздің абыройы үшін басымызды қауіп-қатерге тіктік. Ал, мемлекет бізді ұмытты, – дейді Нұрлан Мулдагалиев (суретте).
Кейбір деректерге сәйкес, совет-ауған соғысына 22 мың қазақстандық қатысқан. Олардың 924-і қаза тауып, 22-сі хабар-ошарсыз кеткен, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Оңтүстік Қазақстан облысынан кеңес-ауған соғысына 2168 адам қатысқан. Олардың 94-і соғыста қаза болып, үшеуі іс-түссіз жоғалған.
Жәнібек НҰРЫШ