Мүлікті жария етуден неге бас тартты?

421

Мүлікті жария ету науқаны, әсіресе, қалың бұқара үшін өте тиімді болды. Шетелдерде вилласы жоқ жұрт қарапайым құжырасының құжаттарын реттеп алғанына риза. Екінші рет жарияланған мүлікті жария ету науқаны қазынаға қомақты қаражат түсірді. 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталған «ҚР азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ыхтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының шарапатын көргендер көп.

Комиссия жұмысындағы кемшілік

Жылжымайтын мүлікті жария ету барысында әр ауданда арнайы комиссиялар құрылған болатын. Комиссиялардың жұмысында да бірқатар кемшіліктер орын алған. Әл-Фараби аудандық комиссиясының бір шешімі Абай аудандық сотымен заңсыз деп танылыпты.

Абай ауданы бойынша құрылған мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының 2015 жылғы 16 қазандағы шешімімен, Темірлан тас жолының бойында орналасқан әкімшілік ғимараты және сауда блогтары объектісі жария етілген болатын. Аталған нысандар жеке кәсіпкердің иелігінде болған. Алайда, құжаттарды қосымша зерделеу барысында, аталған шешім заң талаптарына қайшы қабылданғанына байланысты, қала әкімі аппаратының заң бөлімімен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына комиссия шешімінің күшін жою туралы талап арыз беріліп, соттың шешімімен комиссия шешімінің күші жойылды. Қаратау ауданы бойынша құрылған комиссияның 8 шешіміне аудандық прокуратура және басқа да жеке тұлғалар тарапынан сот органдарына талап арыздар беріліп, нәтижесінде комиссияның 4 шешімі күшінде қалдырылып, қалған 4 шешім сотпен заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Асқар Қайыпов, Шымкент қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы:
– Мүлікті жария ету барысында 1122 өтініштен бас тартылды. Барлығының да заңдық негізі бар. Нысанның «қызыл сызықта» орналасуы, қала келбетіне сәйкес келмеуі сынды себептері болды. 2014 жылдың 1 қыркүйегінен кейін салынған нысандар жария етуге жатпайды. Мәселен, өтініш иелерінің қолында тұрғын үйінің мемлекеттік актісі бар болғанымен, алайда оны пайдалануға қабылдау актісі жоқ делік. Демек, ол үй заңдастырылмаған. Жерге салық төлеп отырғанымен, жылжымайтын мүлкіне салық төлей алмайды. Мүлікті жария ету науқанының аясында көптеген тұрғындар өз құжаттарын заңдастырып алуға қол жеткізді. Мемактіні, техникалық құжатты тіркетуге апарып, «қызыл сызыққа» түспегенін, жан-жақты техникалық тексеруден өткізіп, содан кейін ғана барлық талаптарға сай деп комиссия мүлікті жария ету жөнінде шешім шығарады. Сол шешіммен бірге Әділет департаментінде тіркейді. Содан кейін үй заңдастырылған болып есептеледі. Осыдан кейін ғана кіріс басқармасында жерге ғана емес, үйге де салық төлейді… Жария етуден бас тартылған үйлер жалпы тәртіп бойынша заңдастырылады.

«Құжатым… шаршатты…»

Редакциямызға Балжан Қосақова есімді қала тұрғыны арызданып келді. «Үйінің құжатын заңдастырамын» деп аяғынан тозған ана екі жылдан бері қаладағы бүкіл тиісті органдардың табалдырығын тоздырыпты. Бәрін басынан бастасақ…

Б.Қосақова тұрғын үй салу үшін 2007 жылы жер учаскесін сатып алады. Аталған учас-ке Сайрам ауданынының аумағында болған. Жер учаскесіне жекеменшік құқығын беретін мемлекеттік актіде 8 сотық жер шаруа қожалығын жүргізу үшін деп жазылған.

Кейіннен ол қала аумағына өткеннен кейін Қаратау ауданына бекітіледі. Енді ол жердің мақсатты пайдаланылуы өзгерген соң құжаттарын дұрыстамақ болған Б.Қосақова түрлі кедергілерге кезігеді.

Бір ай емес, бірнеше жыл жүгіргенде қолына кадастрлық нөмірі 19-309-237-239 таңбалы «Уақытша (ұзақ мерзімге, қысқа мерзімге) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін акт» алады.

Балжан Қосақова, қала тұрғыны:
– «Құжаттарым заңды түрде дұрыс болсын» деген мақсатпен жүгіріп жүргеніме міне бірнеше жылдың жүзі болды. Халық кеңсесі (Фронт офиске) бардым, нақты жауабын айта алмады. Сөйтіп жер бөліміне жұмсады, ондағылар ХҚКО-на жібереді. Екі ортада жүргеннен әбден шаршадым. Болмаған соң облыс әкіміне хат жаздым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін әкімдіктегілер шақырды. «Мәселеңізді шешіп береміз, архитектураға, қалалық әкімшілікке жібердік» деді. Бірақ біткен іс жоқ… Тиісті мекемелерге барғанымда: «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді неге аласыз?» деп өзіме кінә артты. Әр есікке жүгіре беріп жүйкем жұқарды. Бірі-біріне сілтейді… Әбден шаршатты…

Жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы 1 жыл 10 ай мерзімге деп белгіленген. Ал жер учаскесінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы үшін деп көрсетілген. Аталған жер учаскесіне үй салынған, бірақ құжат жағы ақсап тұр. Бір қызығы, осы құжатпен бірге берілуі тиіс мемлекеттік жер-кадастрлық кітабын, яғни «нулевканы» бермеген.

Осы мәселеге орай қалалық жер қатынастары бөліміндегі тиісті мамандарға жолыққан болатынбыз. Олар заңдық негізде аталған мәселені шешуді жан-жақты атап көрсетті.

Бет қатталып жатқанда Балжан Қосақова қайта хабарласып, қабылдау актісінің енді қолға тигенін айтты. Бірақ әлі де құжаттары толық емес.

Нариман Қасымбеков, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

– 2012 жылдан бастап жер кодексіне өзгерістер енгізілгені белгілі. Соған байланысты жекеменшікке берілген жер учаскелері игерілмей жатқандықтан сол жерді игерту мақсатында біршама өзгерістер орын алды. Бұрын тұрғын үй құрылысы үшін жалға беру мерзімі екі жыл еді, бүгінде үш жылға ұзартылған. Осы үш жылдың ішінде игергеннен кейін, қабылдау актісін алғаннан кейін қайтадан қала әкіміне өтініш береді. Оны жеке меншікке рәсімдеп береді. Яғни, игергеннен кейін ғана. Ал арызданушы Б. Қосақованың жағдайына келсек, бұл жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген. Демек, ол ауыл шаруашылық мақсатындағы жер болып саналған. Ал енді мына мемакті 1 жыл он айға берілсе, арада 10 ай өтіп кеткен. Қалған мерзіміне мемакті аласың деген. Қаулысында екі жыл деп жазылып тұрады, соған орай мемактісінің мерзімі өтіп кетпеуі керек. Сол үшін қалған мерзіміне мемакті шығарып береді.

Иә, кейде мекемелердің, кейде өзіміздің салғырттығымыздан осындай сарсаңдарға тап боламыз. Мұндай кем-кетікті болдырмау үшін барлық мемлекеттік мекемелерде жол көрсетіп, жөн сілтеп отыратын арнайы заңгер мамандар бекітілсе дұрыс болар еді. Бүгінде мекемелердің штат кестесінде заңгерлер болғанымен олар қарапайым халықтың мүддесі үшін емес, мекеменің заңдық мүддесі үшін жұмыс істейді. Сондықтан да барлық құжаттың заңдылығын тексеріп, кеңес беретін заңгерлер кабинеті жұмыс істесе артық етпесі анық.

Гүлжан ЖҰМАШ