Мәскеу шайқасының ардагерлері марапатталды

«Ер есімі – ел есінде». Биыл Ұлы Отан соғысында Кеңес әскерінің алғашқы жеңісіне қол жеткізгеніне 75 жыл толады.

Бұл – алып қала Мәскеуді жау шырмауынан шығарған күн еді. Атаулы шайқаста айбынды ерлік көрсеткен күнгейлік ардагерлер де бар. Бүгінде жастары ғасырды алқымдаған асыл қариялардың саны саусақпен санарлық. Таяуда сондай қарт жауынгерлермен Ресей консулы жүздесіп, марапатын табыстады.

Құдайберген қария – Ұлы Отан соғысының ардагері. Бірер күн бұрын мерейлі 95 жасқа толды. Екінші дүниежүзілік соғыста Мәскеу түбінде болған ұрыста жауды ойсырата жеңген Кеңес сарбаздарының бірі түнде барлаушы, күндіз атқыш болып, қос міндетті абыроймен атқарған екен. Қан майданнан аман қалып, елге оралады. Аяғынан ауыр жарақат алған қариямен жүздесуге арнайы келген Ресейдің Алматыдағы генконсулы Алексей Демин оның майданда көрген сұмдықтарын естіп, еріксіз көз жасына ерік берді.

Мәскеу шайқасының ардагерлері марапатталды

Алексей Демин, Ресейдің Алматыдағы бас консулы: «Мен бүгін адами парызды арқалап, Шымқалаға келіп қалдым. Бізге бейбіт аспанды сыйлаған жанкешті батырлармен жүздесіп, тілдесу — мен үшін айтқысыз мәртебе. Бүгінгі жастарға олардың көзсіз ерлігін, рухтылығын тілеймін.»

Ал Владимир Путиннен хат алған Николай Макаров есімді ардагер өзіне көрсетілген сый-құрметке көңілі марқайып, ризалығын жасыра алмады. Өмірінің 98-жылында есту қабілеті әлсірегенмен, күш-қуаты тарқамаған. Соғыс жылдарының әрбір күні есімде дейді.

Мәскеу шайқасының ардагерлері марапатталды

Кеуделері төсбелгімен көмкерілген асыл қазыналар соғысты көріп, денсаулықтан айрылғанына қамықпайды. Керісінше, талай жылдар өтсе де батыр рухтан таймаған. Алдына сәлем беріп келіп отырған консулмен қатар тілшілерге де ақ тілектерін жаудырып жатты.