Шымкентте ҰБТ тапсыру үшін құжат қабылдау басталды

419
Шымкентте ҰБТ тапсыру үшін құжат қабылдау басталды

Шымкент мектептерінде ұлттық бірыңғай тестілеуге құжат қабылдау басталды. Қазіргі таңда сынақ тапсыру үшін қаладағы жүздеген мектеп оқушылары құжат тапсырып үлгерген. Енді мектеп бітіруші түлектер тестілеудегі жаңа форматқа сәйкес білім ұяларында кезең-кезеңімен емтиханға дайындалып жатыр.

Биылғы ҰБТ жылдағыдан өзгеше. Енді бітіруші түлектер бұл сынақты кезең-кезеңімен тапсырады. Яғни, бірінші кезекте олар өз білім ұясында қорытынды аттестациялаудан өтеді. Қорытынды тест кезінде бітіруші түлек мектеп қабырғасында бес пәннен сынақ тапсырады.

Қалия Есіркепова, мектеп директорының орынбасары: «Қорытынды аттестация кезінде оқушылар қазақ тілі мен әдебиеттен эссе жазады және мектепте математикадан жазбаша жұмыс өткізеді. Бұған балалар дайындалып жатыр. Эссенің тақырыптары беріліп қойды. Бірнеше тақырыптан эссе алынды, олардан алынған эссе тақырыбы бойынша талқылау жұмыстары апта сайын жүргізіледі.»

Ал екінші кезеңде бітіруші түлектер ҰБТ-ті арнайы жоғары оқу орнының базасында тапсырады. Жаңа формат бойынша бес пәннен 120 сұрақ болады. Оның үшеуі міндетті пән болса, қалған екеуін оқушы өзінің қалауына қарай таңдайды. Бір ерекшелігі, жаңа өзгеріске сай, тестте бір сұрақта дұрыс үш жауап болады.

Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің басшысы: «Міндетті үш пәннің әрқайсысында 20 сұрақтан жалпы 60 сұрақ болады. Ал таңдалған екі пәнінде 30 сұрақтан жалпы 60 сұрақ болады. Осы таңдаған екі пәніндегі әр сұрақта дұрыс үш жауап болғандықтан бір сұрақтағы әр дұрыс жауапқа екі балдан есептеледі. Сондықтан, сынақ кезінде берілген 120 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берілсе, 140 балл жинауға болады. Биыл Шымкентте жалпы 7431 оқушы мектепті бітіреді. Оның 5500-ге жуығы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр. ҰБТ-ны тапсырмайтын оқушылар да бар. Оның арасында шетелге барып оқитындар да бар. Айта кетейік, бүгінде біздің Шымкенттің жүзге тарта оқушысы шетелде грантта оқуға мүмкіндік алған.»

Биыл тестілеуге қатысу үшін құжаттар 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында ҰБТ-ны өткізу пункттерінде қабылданады. Ал сынақтың өзі биыл 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді деп жоспарлануда. Шектік балл — 50. Ал 50 ұпай жинай алмаған түлектер 2018 жылдың қаңтар айында емтиханды ақылы негізде қайта тапсыра алады.