Шымкенттік ХҚКО-да дайын құжаттарды жеткізу қызметі қолжетімді

163

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы шымкенттіктерге дайын құжаттарды қажетті мекенжайға жеткізу қызметін пайдалана алатынын еске салады.

Қызметтің бұл түрі іске қосылғаннан бері 700-ге жуық қызмет алушы өз құжаттарын орталықтарға бармай қолдарына алды.

Қазіргі таңда 150 мемлекеттік қызмет бойынша дайын құжаттарды алдырту қолжетімді. Оның ішінде жылжымайтын  мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелерінің актілері, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағат анықтамалары, әскери билеттердің телнұсқаларын беру және басқалар бар.

«Құжаттарды жеткізу қызметі жеке тұлғаларға көрсетіледі. Алдымен клиент құжаттарды ХҚКО-ға тапсырады. Құжат дайын болғаннан кейін сілтеме көрсетілген SMS-хабарлама жолданады. Азамат сілтемеге өтіп,  өтінімді толтырады. ЖСН және жеткізу мекенжайын енгізіп, жеткізу төлемін жасайды», — деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.

Айта кетейік, жүргізуші куәлігін, жеке куәлік пен төлқұжаттарды жеткізу қызметтің бұл түріне енбеген.