Шымкенттегі кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді

Шымкенттегі кейбір нысандардың құрылыс сапасы сын көтермейді. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде нақты мысалдар келтіріліп, айтылған болатын. Осыған орай «Отырар» медиахолдингінің тілшісі сондай ғимараттардың бірқатарына барып қайтты.

№ 60 балабақша ғимаратындағы төтенше жағдай барысында қолданылатын арнайы құтқару сатысы қирап қалапты. Нысанның қоршау қабырғалары жарылып тұр. Шатырдың суағары болмағандықтан, су тиген қабырғалары сөгілген балабақшаның ішкі қабырғалары да үгітіліп жатыр.

Шымкенттегі кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді

Ал № 85 мектептегі жағдай бұдан да сорақы. Спорт залы, сынып бөлмелері мен кітапханалардың қабырғалары қарс айрылып, оқушылар мен ұстаздардың өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Тиісті мекемелерге хат жазумен шаршадық деген мектеп басшысы енді не амал жасауды білмей дал болып отырғанын айтады.

№ 36, 111 мектептердегі жағдай да мәз емес. Ал Өзбеков көшесіндегі апатты үйдің орнына жаңа үй тұрғызылыпты. Бұл жайында әкімдіктің мамандары мәлімдеп отыр.

Ал қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келеңсіздіктің бәрінен бейхабар екен. Жағдайды көзімен көргенге таң қалып, орынбасарларына қарады. Себебі, 2016 жылы қаладағы құрылыс нысандары үшін бюджеттен 18 млрд теңге жұмсалған.

Шаһар басшысы осы ғимаратты салған мердігерлермен тікелей өзі кездеспек. Бетпе бет жүздесудің қашан болары әзірге белгісіз.

Нұрлан Жаңабай