Шымкенттің әкімі мектеп құрылыстарын аралап шықты

472
Шымкенттің әкімі мектеп құрылыстарын аралап шықты

Шымкентте жаңа 15 мектеп салынуда. Биыл солардың тоғызы пайдалануға беріледі. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сол мектептердің құрылысын аралап шықты.

Тексеру сапарын №59 мектептен бастаған шаһар басшысы мердігердің жұмысына бірқатар сын айтты. Құрылысшылардың бюджеттің қаржысына салынып жатқан нысанға деген көзқарасы Ғабидолла Әбдірахымовтың ашуын тудырды.

Шымкенттің әкімі мектеп құрылыстарын аралап шықты

– Міне, терезелерді қалай болса, солай орната салыпты. Оларды жабудың реті келмеді ме? Неге біз үнемі кері қарай жүреміз? Кейін қалай жабасыздар?! – деп сұрады әкім мердігердің өзінен.

Ал құрылысқа жауапты маман өзінің тікелей міндетіне неліктен салғырт қарағанын анықтап түсіндіріп бере алмады. Мұның бір дәлелі – құрылыс бітпей жатып айни бастаған еден жабыны. Ал Қайнар бұлақ тұрғын алабында мектеп салып жатқан құрылысшылардың жұмысы қатты сынға ұшырай қоймады.

Шымкенттің әкімі мектеп құрылыстарын аралап шықты

Осы тексеруден кейін жобалау-сметалық құжат пен әр нысандағы құрылыс барысын бірге талқылау ұсынысы айтылды. Нақты айтқанда, Шымкенттің әкімі мердігерлерге жобалау-сметалық құжатқа енгізілуі мүмкін өзгерістерді талқылауды ұсынды. Себебі, кейде құрылыс барысында жобаны жақсы жағына өзгертуге болатыны анықталып жатады.

Шымкенттің әкімі мектеп құрылыстарын аралап шықты

– Дайын жобалық-сметалық құжаттан бастап өзгертуге дейінгі тұстарды талқылау кестесін жасайық. Мысалы, есік-терезелердің түсі мен пішінінен бастап материалына дейін өзгерту мәселелерін талқылауға болады, – деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкенттің әкімі мектеп құрылыстарын аралап шықты

Айта кетейік, биыл Шымкенттегі білім беру нысандарының барлығы – 129 мектеп пен 385 балабақша толық жөнделді. 15 мектеп пен қосымша ғимарат салынуда. Биыл солардың сегізі ел игілігіне пайдалануға берілмек. 1200 орындық тағы бір мектептің құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Алдағы екі жылда үш ауысымды мектептердің мәселесі де шешілмек. Қазір Шымкентте оқушылары үш ауысымда оқитын 8 мектеп бар. Дегенмен, 2018-2019 оқу жылында бұл проблема толық шешіледі. Білім бөлімінің басшылары берген уәде – осы.