Жазасын өтеп шыққан азаматтардың қоғамға бейімделіп, жұмысқа орналасуы бүгінде мемлекет назарында. «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы осы санаттағы азаматтаар арасындағы қайталанатын қылмысты азайтуды көздейді. Жобаға алғашқы қатысушылар да жоқ емес. Солардың бірі — өмірінің 5 жылдан астам уақытын темір торда өткізген Светлана Катеева осынау жобаның шарапатын көрмек.
8 жылға сотталған Светлана Катиева шартты түрде мерзімінен босады. Бес жарым жылын темір тордың ар жағында өткізген ол есірткі пайдаланғаны және оны таратқаны үшін айыпталған. Ғұмырының жаңа парағын ашқан кейіпкеріміз әлеуметтік көмекке мұқтаж.
Светлана Катеева: «Менің барар жер, басар тауым жоқ. Бостандыққа шығып, мен де жұрт секілді жұмыс істеп, қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Шаштараз мамандығына қызығамын. Осында жүргенде жанымдағы қыз-келіншектердің шашын қиын беріп, түрлі шаш үлгілерін жасап, сүйікті ісімнен қол үзбедім. Енді арнайы курстарға барып білген-түйгендерімді жетілдіріп, болашақта әсемдік салонын ашуды армандаймын.»
Жыл басынан бері сотты болған 200-ден астам азамат әлеуметтік жәрдем сұраған. Оның алтауы бүгінде тұрақты жұмыспен, үшеуі қоғамдық жұмыспен қамтылса, 11-і әлеуметтік жұмысқа орналасқан. Жазасын өтеп шыққандардың арасында кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп отырғандар қарасы жылдан-жылға артып отыр дейді саладағылар.
Ал тұрғылықты мекенжайы жоқ Светлана Катиева бүгінде қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығына орналасады. Мамандар оны қоғамға бейімдеп, тұрақты жұмысқа орналасуға көмектесеміз деп отыр.
Мақпал Рысбаева