Түрмедегі жазасын өтеушілер қандай жұмыс істейді?

862

Түрмедегі жазасын өтеушілер бостандыққа шыққанда жұмыссыз қалмайды. Бұл үшін Шымкент қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті жүгенді жоба түзіп, жүзеге асыруға көшкен. Қазірдің өзінде тиісті жобаның «баспалдақтары» бекемдеп, ИЧ 167/2 қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілердің 75 пайызы жұмыспен қамтылған-ды.

Жиһаздар мен ағаштан жасалған астаулар, торсық-ожауы, аяққап пен мың көркем өрнекпен көмкерілген тұрмыстық бұйымдар. Өзге де қажеттіліктердің денін дәл осы көрмеден кезіктіресіз, бірақ мұндағы мыңдаған дүниені кәнігі ұсталар емес, ИЧ 167/2 қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер жасайды.

Азиз ТаирАзиз Таирдың жасы – 23-те. Абақтыға осыдан 10 жыл бұрын жасөспірімге қасақана аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамалған. Қазір түрменің жанынан ашылған арнайы ағаш ұстаханасының еңбеккері ретінде жұмысқа жұмылып, жазасын өтеп жатыр.

Азиз Таир, жазасын өтеуші: «Ұстаханада мен ағаштан түрлі дүниелерді жасауды үйрендім. Қазір ою-өрнекті ойып, бұйымдарды емін-еркін жасай аламын. Әрине, бостандықты аңсаймын, болған іске өкінемін де. Бірақ, амал жоқ. Көну керек. Енді 5 жылым қалды, бостандыққа шыққан соң, ата-анама барамын. Осында үйренген кәсіпті жалғастырып, жұмыс жаса, көп ақша табу ойымда бар». ИЧ 167/2 қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілердің осылай қызу жұмысқа кірісуі үшін арнайы техникалық бағыттағы колледж де жұмыс істейді. Білім ордасында 30 жасқа толмаған сотталғандар ағаш ұстасы, дәнекерлеуші, тігінші секілді кәсіптік негіздегі 6 бірдей мамандықты меңгеріп келеді. Сауатын тәжірибе жүзінде жүзеге асырып та жатыр екен. Бастысы, бұл үшін ай сайынғы тиісті жалақысы да бекітілген.

Мырзағали Есқұлов, ИЧ 167/2 қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінің бастығы: «Жасаған жұмыстарының ауқымына байланысты жалақысы төленеді. Яғни, 20 мың теңгеден 60 мың теңге аралығында. Олар бұл қаржыны туыс-жақындарына жолдайды немесе осында арнайы дүкендер арқылы қажеттіліктерін алады».

Шымкент қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшылығы жазасын өтеушілердің ертеңгі өмірі – бостандығын да ұмыт қалдырмағанын алға тартты. Яғни, сотталғандарды еңбекке баулып, ертеңгі қоғамға сіңісуі үшін жүгенді жобаны да қолға алыпты. Бұл мақсатта бір емес, 4 бірдей кәсіптік цехтармен келісім-шарт түзілгенін марқая мәлімдеді.

Шаймерден Есенгелдиев, Шымкент қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары: «ИЧ 167/2 қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілердің 75 пайызы жұмыспен қамтылған. Біз қазір кәсіптік цехтармен келісім-шарт түздік, яғни сотталғандар ертеңгі күні еркіндікке шыққанда, сол цехтардағы жұмысын жалғастырады. Бұл – олардың бостандықта да жұмыссыз қалмай, жан бағуына сеп болады деген сөз. Қазір бұл жобаның шарапатын көріп жатқандардың бар екендігі қуантады».

Айта өтейік, қала аумағындағы ИЧ 167/2 қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінде бүгінде адам өлтірген немесе қасақана зорлық-зомбылық қадамына барған, тағы сол сияқты аса ауыр қылмыс жасаған 706 адам жазасын өтеп жатыр. Сотталғандардың ең жасы – 18-де болса, егдесінің өзі – 72-ге таяған-ды. Ал олардың түзету мекемесі жанындағы кәсіптік колледжді жыл сайын 150-і тәмамдап, түрмедегі тиісті жұмысқа жұмылдырылып жатыр екен.

Мөлдір Бекеева