Оңтүстікте коммуналды тариф бағасы басқа облыстармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Қазақстан Республикасының энергетика министрі Қанат Бозымбаев Оңтүстікке келген іс-сапарында осы мәселеге кеңінен тоқталды. Облыстық әкімдікте өткен жиында бұл мәселе жоғарғы деңгейде талқыланды.
Оңтүстікте коммуналды тариф бағаларының қымбат болуы шағын және орта бизнеске кері әсер етеді. Ал бұл өз кезегінде бизнестің дамуын тежейді. Облыс кәсіпкерлерінің өкілі министрдің алдына осы жағдайды алға тартты.
Асқар Әбубәкіров, ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры: «Еліміздегі жылыжайлардың дені Оңтүстікте шоғырланған. Олар табиғи газды аса үлкен мөлшерде пайдаланады. Сондықтан газ бағасы аса маңызды. Көптеген компаниялар коммуналды тариф бағасының қымбаттығына байланысты басқа облыстарға ауысып жатыр. Олардың Оңтүстіктен кетуі біздегі жұмыс орындарының азаюына, салық түсіміне қаншалықты әсер ететініп есептеудеміз. Бұл өте өзекті болып отыр.»
Оңтүстікте табиғи газға деген жылдық қажеттілік 1 млрд текше метрді құрайды. Өңірдің 62 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Осыны ескерген министр газ бағасына қатысты мәселені шешуді тапсырды.
Оңтүстік облысы сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі жөнінен республикада көш бастайды. Қанат Алдабергенұлының айтуынша, мұндағы сұйытылған мұнай газын өндіруші зауыттар шығынға батып жатыр екен. Өйткені, сұйытылған газдың 1 мың текше метрінің өндірудің өзіндік құны 40-41 мың теңгеге түседі. Ал зауыттар 28 мың теңгеден сатады. Алыпсатарлар болса үстеме ақыны молынан қойып, бағаны өсіріп отыр.
Жәнібек Нұрыш