Әлемге танылған Әубәкірова Шымкентке келді

Асқақ өнердің иесі сұлу сымбаты, сырбаз әуенімен сахнаның сәнін келтірді. 30 жыл бойы өзінің үкілеген арманы жолында талмай еңбек етіп келе жатқан өнерпаз елдің ғана емес, әлем халқының құрметіне бөленуде. Бүгінгі кеште де Жания Яхияқызы Шопен, Франко сынды классиктердің шығармаларын орындай келе тыңдарманмен сырларын бөлісті.

Кеш иесінің «Kazakh Quartetпен» бірлесе орындаған шығармалары тұңғиық сезімге бөлеп, эстетикалық ләззат сыйлайды. Дегенмен, классикалық музыканың тыңдарман талғайтыны жасырын емес. Өкінішке қарай, концерт барысында зал іші сирей берді. Ал қуанышын шымқалалықтармен бөлісе келген талантты музыкант ізетке салып, тыңдармандарына алғысын жаудыруды ұмытпады.

Жания Әубәкірова: «Мен бүгін өте бақыттымын. Өнерімді, әсіресе, балалар тамашалап жатса, мен ерекше қуанамын. Демек, олардың көкейі ояу, келешегі зор. Бұл, әрине, көңіл көтеретін концерт емес. Алайда, бүгін келген халық үшін жақсы демалыс болды деп үміттенем. Шымкент халқына алғысым шексіз.»

Құрметті қонақты қарсы алып, қошемет көрсетуге өңірдегі дос-жаранымен бірге облыс әкімінің орынбасары келген. Ұласбек Сәдібекұлы өңір басшының құттықтауын жеткізді.

Шоқтығы биік қазақ қызы классикалық музыканың отаны саналатын Еуропа сахналарында жиі өнер көрсетеді. Сондықтан алдағы жоспары тым қауырт. Алда Женева, Брюссель, Люксембург, Афина және Вена күтіп тұр. Жания Яхияқызы жылдың соңына қарай, гастрольдік сапарларын қорытындылай келе, өмірі жайлы кітап жазуды да жоспарлап отыр.