Қазақ сән мінберінде өзінің қайталанбас орнын иемденген Айнұр Тұрысбек туған қаласына жаңалығын ала келген. Оның бастамасымен қаланың қақ ортасында «Катрин Гольцман» атты модельдік агенттігі бой көтерді. Отандық фэшн-индустрияның дамуына сүбелі үлес қосып, бүгінде қазақ қыздарын әлем мінберлерінен жарқыратып жүрген сәнгер Шымшаһарда да бұл саланы дамытпақ. Бұл бастамада Айнұрдың серіктесі – модель тәрбиелеудің қыр-сырына қанық Гольцман ханым.
Катрин Гольцман: «Біздің агенттік Астана, Алматы қалаларында табысты жұмыс істеп келеді. Айнұрдың идеясымен, міне, бүгін Шымкентте жалғасын тапты. Сән әлемін терең меңгеріп, модель болам деушілерге есігіміз ашық. Біздің ерекшелігіміз сол – біз қыздарға ешқандай шектеу қоймаймыз. Тек кәмелет жасқа толса болғаны. Екі ай оқудан соң, әр түлегіміздің жұмысқа орналасуына қол ұшын береміз.»
Сәннің тылсымын тереңінен түйсінетін өзгеше өнер иесі оның тұнып тұрған философия екенін айтады. Әлемдік деңгейдегі дизайнерлер санатынан табылып жүрген қарапайым қазақ қызы ата тегін ұмытқан емес. Соның бір дәлелі ретінде ұрпақтар сабақтастығы жайлы сыр шертетін «Шежіре» атты фильм түсіруге бел буыпты.
Айнұр Тұрысбек: «Fashion-фильм менің жаңа «Шежіре» атты сән топтамамның мотивімен түсірілген. Фильм желісі ар-ұят, ерлік, ұлтжандылық секілді адами құндылықтарды алға тартып, ата-баба рухына тағзым, үлкенге құрмет жайлы сыр шертеді. Ең басты идея – қай дәуірдің баласы болсақ та, қандай жаңашылдыққа бой ұрсақ та, түп-тамырымызды, кім екенімізді ұмытпау, ұлт құндылықтарын ұрпаққа жеткізе білу.
17 минут созылатын фильмнің түпкі мағынасы сөзсіз жеткізіледі. Бұл фильмді шебер қиыстыра білген түсірілім тобының да жемісі екені даусыз. Бүгінгі тұсаукесерден кейін жиынға жиналған дос-жаранның авторға деген құрметі артқаны байқалады. Отандық шоу-бизнес өкілдері арасынан сәнгерді қолдап келген әнші Айқын кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.